Ерболат Досаев алматылықтарды қала күнімен құттықтады
Алматы тұрғындары дәстүр бойынша қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қала күнін атап өтті. Қаланың әртүрлі бөліктерінде мерекелік іс-шаралар өтті. «Сүйем сені, Алматы!» ретро-фестивалінің ашылу салтанатында қала әкімі Ерболат Досаев алматылықтарға құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сіздерді Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл бәріміз үшін, әрбір алматылық үшін ерекше мереке! Мен осында туып өстім, менің ең жылы естеліктерім Алматымен байланысты. Мұнда мен отбасын құрдым, балаларым өсіп келеді. Бізде Алматыны дамыту бойынша үлкен мақсаттар мен міндеттер бар. Бәріміз бірге қаламызды одан да жақсырақ және әдемі етуіміз керек. Біздің негізгі мақсатымыз – жайлы қалалық орта құру және мегаполистің барлық аудандарында тұрғындардың табысын арттыру. Мен Алматының барлық тұрғындарына шын жүректен махаббат пен зор денсаулық тілеймін! Біздің Алматы өсіп, гүлдене берсін!» – деді Ерболат Досаев.
Құттықтау сөзінен кейін мегаполис басшысы Алматының дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосқан 10 тұрғынды «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих мұғалімі, қоғам қайраткерлері, әртістер және т.б. кірді. Құрметті атақтан басқа, марапатталғандар 1 миллион теңгеге ақшалай сертификаттар алды.
Іс-шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін қала әкімі «Сүйем сені, Алматы!» атты қаланың 1940 жылдан күні бүгінге дейінгі Алматының мәдени тарихи дәстүрлеріне арналған фестивальде болды. Әртістер Шәмші Қалдаяқовтың композициясын, Дос-Мұқасан әндерін орындап, театрлық қойылымдар қойды.
Қала күнінің басты оқиғасы Тұңғыш Президент саябағында өткен «Алма Fest» дәстүрлі фестивалі болды. Ұйымдастырушылар алма жәрмеңкесін, үлкен концерт және түрлі белсенділік көрсетті. Фестивальдің басты алаңында 100 тонна жергілікті алма ұсынылды.
Қала күні Almaty Arena-да танымал отандық жұлдыздар мен A'Studio тобының қатысуымен өтетін «Сәлем, Алматы» атты үлкен концертпен аяқталады.
Еске салсақ, Қала күніне орайластырылған негізгі мерекелік іс-шаралар 16 қыркүйекте басталды. Концерттік бағдарламалар Алматының барлық аудандарында және мегаполистің басты алаңдарында өтті.