Ербол Өстеміров: Бизнесті «таза парақтан» реттеу арқылы қорғай аламыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір мемлекеттік органдар елдегі кәсіпкерлерді орынсыз тексеруін азайтпай отыр. Статистикаға қарасақ, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту саны көбейген. 2015 жылмен (235 мың) салыстырғанда 2019 жылы (500 мыңнан аса) екі есе дерлік артқан. Бұл әрбір үшінші бизнесмен әкімшілік жауапқа тартылғанын білдіреді. Мұндай пікірді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Өстеміров айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «бизнес-климаттағы» мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Президент реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгерту керегін де айтқан. Бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий мұндай реттеуді «таза парақтан» енгізуге жақсы мүмкіндік береді деген болатын, - деді Ербол Өстеміров.

Соңғы жылдары тексерулерді, талаптарды азайту және бизнес шығындарын төмендету бойынша айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік кодексі, бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған түзетулердің 8 пакеті, рұқсаттар мен хабарламалар туралы заң әзірленді және қабылданды. Нәтижесінде «гильотина» қағидатына сәйкес мемлекеттік органдардың рұқсаттары мен лицензиялары және бақылау функциялары қысқартылған. Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша іске асырылған шараларды халықаралық сарапшылар мен халықаралық даму институттары да оң бағалайды. Мәселен, Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2020» рейтингінде еліміз 25 орынға ие болды. Алайда, жүргізілген жұмыстар көбінесе механикалық жолмен жүзеге асырылды, яғни реттеу саясатының сапасына аса көңіл бөлінбеген.

Бұл өз алдына бизнесті реттеу жүйесінде айтарлықтай мәселелердің туындауына әкелді. Мысалы, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту саны көбейген. 2015 жылмен салыстырғанда 2019 жылы екі есе дерлік артқан. Бұл әрбір үшінші бизнесмен әкімшілік жауапқа тартылғанын білдіреді. Сондай-ақ, бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдар мен басшыларына арыз-шағымы 4 есе артқан. 2015 жылы 17,5 мыңға жуық шағым болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 73 мыңнан асқан, - деді кеңесші.
Ол жыл сайын мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге талап қоятынын, бірақ оның нақты қандай екені белгісіз екенін атап өтті. Бизнеске 13 мыңнан аса талап қойылған. Кәсіпкерлер бұл талаптар туралы толық білмейді. Яғни мемлекет бизнеске сенбейді, бизнес те солай – мемлекетке сенбейді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткен «таза парақтан» реттеуді енгізудің маңызы зор.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «Атамекен» Үкіметпен бірлесе отырып отандық және шетелдік сарапшылардың, соның ішінде Дүниежүзілік банк пен USAID сарапшыларының, қатысуымен жаңа реттеу саясатының негізгі қағидаттары мен алғышарттарын әзірледі.

Бұл ұсыныстар жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан қолдау тауып, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығында «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында бекітілді.

«Таза парактан» реттеу деген мынаны білдіреді: реттеу саясатындағы негізгі тәсілдерді өзгерту және мүлдем жаңа кешенді және тиімді реттеуді құру арқылы мемлекеттік реттеудің барлық массивін (талаптарды, есеп беруді, рұқсаттарды, мемлекеттік бақылауды қоса алғанда) түбегейлі қайта қарау. Бұл жұмыс барысында бизнесті мемлекеттік реттеудің базалық қағидаттарын, бизнеске қойылатын талаптарды қалыптастырудың базалық шарттарын анықтау, міндетті талаптар тізілімін, «1-in 2-out» қағидатын, экспериментальды құқытық режим енгізу жоспарланған. Ал 2024 жылдан бастап «реттеушілік гильотина» іске қосылады. Ұсынылып отырған шаралар ескі, шамадан тыс, қайталанатын реттеушілік талаптарды азайтуға, бизнесті жүргізу шарттарын жақсартуға және бизнесті «ақылды реттеудің» жаңа жүйесін құруға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді сөзін Ербол Өстеміров.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы