Ербол Мырзабосынов спорт саласындағы жыл үздіктерін марапаттады
Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Үздік-2024» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жыл отандық спорт үшін ерекше жыл болғанын атап өтті. Қазақстандық спортшылар биыл халықаралық ірі жарыстарда табысты нәтиже көрсетсе, елімізде ірі жарыстар ұйымдастырылды.
Биылғы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада болғаны анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль. Гимнастикадан алғаш рет Олимпиада медалін жеңіп алдық. Ол жүлде Нариман Құрбановқа бұйырды. Давид Дегтярев пара-пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара-дзюдошы Ақмарал Науатбек Олимпиада шыңын бағындырды, – деді министр.
Сонымен қатар биыл Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылды. Көшпенділер додасына 89 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен спорт саласында оң өзгерістер басталды. Келесі жылы отандық спортшыларды бірнеше байрақты бәсеке күтіп тұр. 2025 жылдың ақпан айында спортшыларымыз Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысып, қысқы Олимпиада лицензиясы үшін сынға түседі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жылы спортшыларымыз жаман нәтиже көрсеткен жоқ, жаңа жылдан одан да үлкен жеңістер күтеміз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетейік, «Үздік-2024» жобасының бас демеушісі – «Самұрық Қазына» ұлттық әл ауқат қоры. Серіктесі – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:
Елдос Сметов, Давид Дегтярев – «Жылдың үздік спортшысы»;
Ғалымжан Жылгелдиев, Юрий Колесников – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;
Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;
Қуанышбек Есекеев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;
Еркебұлан Ілиясов, «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті – «Үздік спорт меценаты»;
Kaz Minerals - «Үздік спорт меценаты»;
Ғизат Түсіпаев – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;
Ерлан Тасболатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;
Дархан Шариғатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;
Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;
Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Үздік спорттық өңір»;
Илья Мизерных – «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»;
Сергей Сергеев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;
Надежда Ким – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;
Ақмарал Науатбек – «Спортта үздік серпін»;
Жандос Айтбайұлы («Хабар» телеарнасы), Қуаныш Нұрданбекұлы («Егемен Қазақстан» газеті), Назерке Сұлтанбек («Sport+» сайты) – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаттары.