Ералы Тоғжанов: ШОБ нысандарының жұмысы үшін мемлекет барлық жағдайды жасайтын болады

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов «ASHYQ» жобасына белсенді қатысатын бизнес-қоғамдастық өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды және бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетті деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, барлық өңірдің әкімдіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «ASHYQ» жобасының көшбасшылары қатысты. Қазір «ASHYQ» жүйесінде 45 мыңнан астам кәсіпкерлік объектісі жұмыс істейді, 4 млн астам пайдаланушы тіркелген. «ASHYQ» жобасы енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 23 мыңнан астам келуші анықталды (оның ішінде оң ПТР-тесті бар 13 516 азамат және 9 688 – науқастармен қарым-қатынаста болғандар). 

Вице-премьер еліміздегі эпидемиологиялық жағдай өте күрделі екенін, 16 өңір «қызыл» аймақта тұрғанын атап өтті. Еліміздің емдеу стационарларындағы төсек орындарының толымдылығы 54%-ға жетті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі жағдайды басқару, кәсіпкерлер тарапынан елдегі күрделі жағдайға түсіністікпен қарауы және жәрдемдесуі пандемиямен күресте өте маңызды фактор. «ASHYQ» жүйесі аясындағы жұмыс әлеуметтік-экономикалық нысандардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алып қана қоймай, бизнестің функционалын жоғалтпауға, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік берді.

Бизнес өкілдері өз тарапынан карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, өздеріне алған барлық міндеттемені одан әрі сақтауды жалғастыратынын және әріптестерін де осыған шақыратындарын жеткізді. 


 

Біз  экономиканың дамуын, сондай-ақ, 2 млн-нан астам адам жұмыс істейтін қызмет көрсету секторындағы шағын және орта бизнестің жұмысын тоқтатпау үшін әрқашан кәсіпкерлердің адал жұмысын ұстанамыз. Мемлекеттің сенімді әрі жауапкершілікті бизнеске қолдау білдіргеніне ризамыз, —  деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов. 

Сондай-ақ кәсіпкерлер екі аптаның мониторингі бойынша 2-9 тамыз аралығында үздік көрсеткіштерге ие болған жүйе көшбасшыларына демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қарастыру туралы бастама көтерді. Бұдан бөлек, «ASHYQ» жобасы көшбасшыларының қоғамдық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. 

Е. Тоғжанов мемлекет ШОБ жауапты нысандарының жұмысы үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. Табыс табу мен азаматтардың денсаулығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттілігіне шақырды. Сондай-ақ ол қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралудың жалғыз жолы – вакцина алу екенін және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина алудың маңыздылығы туралы кең ақпараттық саясат жүргізу керектігін атап өтті.  

Кездесуді қорытындылай келе Премьер-министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, барлық айтылған бастаманы пысықтауды және қажет болған жағдайда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды.    



 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы