Ералы Тоғжанов Қордай ауданында жұмыс сапарымен болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Жамбыл облысының Қордай ауданына барды. 

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлауынша, жұмыс сапары барысында вице-премьер Гвардейский ауылындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысымен танысты.

Зауыт әлеуметтік маңызы бар жұқпалы ауруларға қарсы елге қажетті биопрепараттар шығатын болады. Олардың қатарында COVID-19, пандемиялық тұмау, маусымдық тұмауға қарсы сплит-вакциналар, туберкулез, бруцеллез, нодулярлық дерматит, күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың обасы, қой мен ешкінің контагиозды эктимасы, қой шешегі, құтыруға қарсы вакциналар және басқа да препараттар.



Ералы Тоғжанов құрылыстың технологиялық үдерісі мен өндіріс жағдайларының одан әрі GMP стандарттарына сәйкестігін ескере отырып, жүргізілуіне назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, вице-премьер мердігер компаниялардың ғылыми-зерттеу институты, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің басшылығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

Құрылыс алаңының аумағында вице-премьер жобамен, зауыт туралы негізгі өндірістік және технологиялық мәліметтермен танысты, өндірістік процестің макеті мен схемасын қарап шықты. Монтаждау жұмыстарын аяқтау және іске қосу наурыз айына жоспарланып отыр. Қосалқы ғимараттар мен құрылыстардың, нақтырақ айтсақ, қазандық, трансформатор және сорғы стансаларының, хлорлау, энергетикалық нысандардың құрылысы аяқталған. Күн жылығанда іргесі абаттандырылып және көгалдандырылатын болады, - делінген таратылған ақпаратта.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтына арнайы ат басын бұрды. Онда 214 адам еңбек етеді. Ғылыми мекеменің басшысы, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закария институттың қызметі мен жетістіктері, сондай-ақ COVID-19 вакцинасын әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы баяндады.

Сондай-ақ вице-премьер ҒЗИ қызметкерлері үшін 60 пәтерлі көп қабатты үйдің құрылысымен танысты. Бүгінде әрлеу жұмыстары, қасбеті пен шатырды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үшінші жайлылық класындағы пәтерлердің жалпы ауданы 3,6 мың шаршы метрді құрайды. Сыртқы әрлеу, ішкі бөлімдерді орнату және электрмен жабдықтау жұмыстары қалып отыр.



Жақын маңда тағы екі тұрғын үй мен дене шынықтыру-сауықтыру ғимаратының құрылысы жоспарлануда десек, спорттық нысанның екінші қабатында 150 орындық акт залы орналаспақ.

Сонымен қатар үкіметтік делегация Қордай ауданы Отар ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасында болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы