Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облысының әлеуетін ескере отырып, ірі инвесторларды тарту міндетін қоямыз
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірге жасаған сапары барысында делегация мүшелері тікелей шетелдік инвестициялар тарту жұмыстарының нәтижесімен танысып, сондай-ақ, ірі жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетпек. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, ірі компаниялардың өкілдері де қатысты.
Облыс әкімі 19 қазанда Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 инвестициялық форумы аясында металлургия, денсаулық сақтау, құрылыс, логистика және экология салалары бойынша жалпы құны 735 миллион долларды құрайтын 5 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын еске салды.
Ералы Тоғжанов кездесулер мен іс-шараларда қол жеткізілген барлық келісімдер, қол қойылған меморандумдардың орындалу барысы жіті бақылауында екенін баса айтты.
Облыста мыңнан астам шетелдік компания тіркелген, оның ішінде 7-і – трансұлттық компания. Өңірлік өнімнің жылдық өсімі 5%-ды құрайды. Оның негізгі үлесі шамамен 42%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Облыста, жалпы республикада пайдалы қазбаларды өндірудің табиғи төмендеуі байқалады. Осыған байланысты экономиканың сапалы және тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыру шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл салаға инвестициялық капитал тарту және оның көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде: мұндай міндет барлық ірі компанияларға қойылды, - деп атап өтті облыс әкімі.
2022 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, облыс экономикасына 600 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрады, өңдеуші секторға 53,8 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл жергілікті өнімді дамытуға, импортты алмастыруға және бәсекеге қабілетті өнім экспортының өсуіне серпін берді. Бұл көрсеткіштер бойынша Ақтөбе облысы — өңірлер арасында үздіктер қатарында.
2027 жылға дейін инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында металлургия, баламалы энергетика, фармацевтика, медицина, мұнай-химия, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтитын 95 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Құны 4,6 трлн. теңгені құрайтын жобалардың нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Негізгі инвестор елдер қатарына Сингапур, Түркия, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания және Нидерланды кіреді.
Біз өңірдің тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша қызметімен танысу мақсатында келдік. Барлық инвесторларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін «Ақтөбе» ӘКК базасында фронт-офистің жұмыс істеуінің оң тәжірибесін атап өту қажет. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысында 2022 жылға белгіленген нысаналы индикатор қазіргі уақытта 63%-ға орындалған. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 2 есеге өскен. Өңірде жобаларды жүзеге асыру, ілгерілету және инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу үшін бар күш-жігер жұмсалуда, - деп атап өтті ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.
«KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов инвестициялық жобалардың ұлттық пулы құрылғанын, оған 33 трлн. теңге сомасында 850 жоба енгізілгенін хабарлады.
Ақтөбе облысының үлесіне 1,5 трлн. теңгені құрайтын шикізаттық емес сектордағы 42 ірі жоба кіреді. Облыс өндірістік бағытта жақсы дамыған. Біз қолдайтын және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасайтын жобалардың бірі – Ә.Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежай базасында жылына кемінде 1 млн. тонна жүк айналымы бар мультимодальды көлік-логистикалық хаб құру, - деді Мейіржан Юсупов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Ақтөбенің индустриялық аймағының әлеуеті толық пайдаланылмайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта мұнда мұнай химиясы, құрылыс материалдарын өндіру, логистика сияқты салалардағы 26 кәсіпорын резидент болып табылады.
Ақтөбе облысының орасан зор әлеуетін ескере отырып, мен ірі инвестицияларды тарту міндетін қоямын. Біз 3 трлн. теңгеге жуық қаражатты қамтитын инвестициялар тартып, 15 мыңнан астам адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін келісімшарттар аясында преференцияларды пайдалана отырып, Индустриалды аймақты дамыту мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, ірі жүйе құраушы кәсіпорындардың айналасында 4-5 жаңа өнеркәсіптік индустриялар белдеуін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл, әрине, өңірдің дамуына жаңа серпін береді. Бұл бағытта сіздердің қолдауларыңыз қажет, - деді Ералы Тоғжанов ҚР СІМ Инвестиция комитеті және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдеріне сөйлеген сөзінде.
Жиын соңында облыс басшысы тиісті басқармаларға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдігімен бірлесіп, бизнес субъектілерімен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.