Қызылорда облысында мұғалімдердің 14,6 пайызы ғана ерлер
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысындағы мұғалімдердің 85,4 пайызы - әйелдер, ал 14,6 пайызы - ерлер. Дәлірек айтсақ, аймақтағы 20968 мұғалімнің 3065-і ғана – ер азамат. Бұл статистикалық мәліметті облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, Арал ауданында 2359 педагог болса, оның 478-і ер адам, Қазалыда 2387-нің 486-сы, Қармақшыда 1962-нің 363-і, Жалағашта 1156-ның 203-і, Сырдарияда 1128-дің 207-сі, Шиеліде 2764-тің 321-і, Жаңақорғанда 2549-дың 658-і ер мұғалім. Ал Қызылорда қаласында 6387 педагогикалық кадрдың 340-ы ғана ер азамат. 55 ұстаз қызмет қылатын №2 санаториялық интернатта және 95 мұғалім еңбек ететін №8 санаториялық интернатта, 51 педагогы бар №4 Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта төрт ер адамнан жұмыс істейді.
Қазіргі таңда өңірдегі мектептерде бастауыш сыныптарда ер мұғалім мүлде жоқ. Ер азаматтардың көпшілігі жоғары сыныптағы оқушыларға дене шынықтыру тәрбиесі, технология, алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ береді.
Бұған қоса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің педагогика мамандықтарында оқитын жігіттер азайып барады. Өткен жылы аталған оқу ордасынан педагог атанып шыққан 418 түлектің 87-сі ғана жігіт. Ер балалардың көбісі жаратылыстану, физика-математика факультеттерінде білім алады.
«Шындығында білім саласында нәзікжандылар өте көп. Мұның ұрпақ тәрбиесінде, білім беру үдерісінде өзіндік әсері бар. Көптігі соншалық, әйелдерше өкпелейтінді шығардық. Ақылын тыңдаймыз. Басшылықта да әйелдер, аузымызды аштырмайды. Сонда оқушыларға – ұрпаққа не тәрбие береміз? Балаларды тәртіпке шақырсақ, жас аналар бізді жерден алып, жерге салады. Олар мектепте де, жоғары оқу орнында да тек әйелдердің тәрбиесін көрген, ерлерге дауыс көтеріп сөйлегенді естіп өскендер. Бұлай демеске басқа себеп жоқ. Қазір ер мұғалімнің беделі төмен. Сондықтан, ер мұғалімдердің еңсесін тіктеуге, санын көбейтуге жұмыс істелсе. Сонда ғана білім ошағында тәртіп орнайды. Тәртіп болса, білім де жоғарылайды. Биыл Білім және ғылым министрлігі "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасынан үмітіміз зор. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке шығару сияқты ұсыныстар қабылданса, орынды болар еді», – дейді Арал қаласы Т.Шевченко атындағы №13 мектептің мұғалімі Нағашыбай Төлепов.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаеваның пікірінше, педагог ер адамдардың аз болуының өзіндік көпке мәлім себебі бар.
«Біріншінден, ер азамат отағасы ретінде отбасын асырауы керек. Оларды жалақысы аз, шаруасы қыруар жұмыс қанағаттандырмайды. Екіншіден, білім ордаларында басшылық ер мұғалімдерді жұмсауға құмар. Тақтаны түзеу, шегені қағу, парта тасу, аулада қар күреу сияқты жұмыстарды соларға тапсырады. Көлігі болса, оны да пайдаланады. Яғни, басшылардың өзідері олардың ұстаздық қызметіне кедергі келтіреді. Оның үстіне, жалақы да аз, қағазбастылық та көп. Ер азаматтың болмысына, табиғатына бұл да сай емес. 1970 жылдары мектептегі мұғалімдердің жартысы ер адамдар еді. Абыройлы болатын», – деген Рабиға Игенбаева да «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданса, бұл олқылықтар жойылады деп үміттенеді.
Ибраш Әли