«Ер Төстік» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана «2021 Балалар әдебиеті жылына» орай балалар мен жасөспірімдер шығармалары үшін «ЕР ТӨСТІК» әдеби байқауын жариялаған болатын. Байқау 2021 жылдың 2 тамызы мен 2 қазаны аралығында өтті. Барлығы 90 автордың жұмысы тіркелді.
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханасында «ЕР ТӨСТІК» әдеби байқауының қорытынды отырысы өтіп, жеңімпаздары марапатталды. Әділ қазылар алқасының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері байқау туралы өз ойларын ортаға салды.Бізде бұрыннан «Бар жақсы - балаларға» деген қанатты сөз бар. Яғни, Ұлттық академиялық кітапхананың «Ер Төстік» атты балалар әдебиеті байқауы дәл осы жоғары талаптан шыға білді деп айта аламын. Өйткені, бәйгеге түскен шығармалардың көбісі шынайы шығармашылықтан туған үздік туындылар! Балаларымызды рухани қазынамен нәрлендіру - жарқын болашаққа деген ақ жол! Бәйгеде жүлделі орындарға ие болған таланттарға табыс тілеймін! Әдеби әлемде алдарыңыздан ақ жол ашыла бергей! Осындай маңызы зор әдеби бәйгені әдемі ұйымдастыра білген, бүгінде астанамыздағы рухани ордаға айналған Ұлттық академиялық кітапханаға алғыс айтамыз! - деді Парламент Мәжілісінің депутаты, әділқазылар алқасының мүшесі Қазыбек Иса.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртөре Жүсіптің сөзінше, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы ұйымдастырған әдеби байқау өте маңызды іс-шара.
Биыл «2021-Балалар әдебиетін қолдау жылы» деп жарияланды. Соған байланысты елімізде балалар әдебиетін дамытуға айтарлықтай көңіл бөліне бастады. Ер-Төстік әдеби байқауы соның бір дәлелі. Байқауға қатысқан барлық қаламгерді құттықтаймын! Жүлделі орын алғандарға да бәйгесі баянды болсын деген тілек айтамын! - деді ол.
Ақын, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет барлық жеңімпазды құттықтады.
Баламыз атқа шапса, қуана жар салатын халықпыз. Болашағымызды жалғастырушы балаларымыз екенін де үнемі айтып жүреміз. Одан бөлек, қазақта ежелден келе жатқан жақсы сөз бар. «Шабылмаған жүйрікті шағылмаған бала шапсын» деген. Сол айтқандай, бүгінгі «Ер Төстік» әдеби байқауында ізі бітпейтін, тұяғы кетпейтін тұлпарды иеленген жүйріктеріміз әрдайым шаба берсін. Барлық жеңімпазды құттықтаймын. Болашақта шығармашылықтарына табыс пен сәттілік тілеймін, - деді ол.
Әдеби байқаудың мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге арнап жазатын талантты қаламгерлерді анықтау, лайықты марапаттау, қазақ балалар әдебиетін қолдау және дамыту.
Марапаттау рәсімі бірнеше номинация бойынша өтті: проза, ертегі, балаларға арналған өлеңдер және үздік иллюстрация.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Түркістан облысында сексеуіл тұқымын себу науқаны басталды
Өзгелердің жаңалығы