Эр-Риядтағы әуежайға жасалған шабуыл: Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма?
Шабуылдан жалпы саны 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланды. Бір аптада әуежайға үш рет соққы жасалған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің мәліметінше, Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында алдын ала мәлімет бойынша Қазақстан азаматтары жоқ.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.
Қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясының төрт азаматы, Бангладештің екі азаматы, сондай-ақ АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.
Бұған дейін шабуылға йемендік хуситтер жауапты екені айтылған. Болжам бойынша, олар әуежайға зымыран ұшырған. Алайда қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған.
Бұл – бір апта ішінде әуежайға жасалған үшінші шабуыл. Бұған дейінгі шабуылдардан тағы төрт адам қаза тауып, коммерциялық ұшақ зақымданған. Соңғы соққыдан кейін Эр-Риядтан ұшатын рейстер басқа әуежайларға бағытталып, әуе айлағының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Ал хуситтер әуе компанияларын Сауд Арабиясының әуе кеңістігін пайдаланбауға шақырып, бұл аумақты әскери операциялар аймағы деп жариялады.
Оқиғаның мән-жайы мен шабуылдың салдары нақтыланып жатыр.