Эр-Риядта өткен келіссөзде Ресейдің қандай талап қойғаны белгілі болды

Ресей делегациясы Эр-Риядта өткен келіссөздер барысында Украинаның төрт облысы – Донецк, Луганск, Запорожье және Херсонды толық бақылауға алуды талап еткен. Бұл туралы The Moscow Times басылымы жазады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алайда бұл өңірлердің ешқайсысы қазіргі кезде Ресей армиясының толық бақылауында емес. 2025 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша Ресей әскері Луганск облысының 98,6%-ын, Донецкінің 62,6%-ын, Запорожье облысының 71,9%-ын және Херсон облысының 69,3%-ын бақылауда ұстаған. Бірақ Запорожье мен Херсон облыстарының әкімшілік орталықтары – Запорожье қаласы мен Херсон қаласы Ресей бақылауында емес.
Дегенмен, Кремль бұл облыстарды Ресей Конституциясында аннексияланған аумақтар ретінде бекітілген әкімшілік шекараларымен қоса алғысы келеді.
Альтернатива ретінде, Ресей басқа бір украин облысының бір бөлігін – мысалы, Днепропетровск немесе Сумы облысын басып алып, оны Запорожье мен Херсонға айырбастау нұсқасын да қарастыруда.
Израильдік әскери сарапшы Давид Шарптың айтуынша, Ресей бұл облыстарды әскери жолмен толық басып ала алмайды.
Ресейліктер үшін екі ауылды басып алу – үлкен жетістік. Днепрден өтіп, Херсонды немесе қос жағалауда орналасқан Запорожье қаласын алу үшін өте ерекше жағдайлар қажет. Бұл – аса күрделі міндет. Ресей армиясы күрт күшейтілмесе, немесе Украина қорғанысы құлдырамаса, оны орындау мүмкін емес, – деді Шарп.
Алайда Мәскеу Трамп әкімшілігі үшін бұл жерлердің нақты қайсысы Кремльге өтетіні аса маңызды болмайды деп үміттенеді.
24 наурыз күні Эр-Риядта Ресей мен АҚШ өкілдері арасындағы келіссөздер өтті. Олар 12 сағаттан астам уақытқа созылды. Кездесу жабық форматта Ritz-Carlton қонақүйінде өтті.
Келіссөздердің негізгі тақырыптары Қара теңіздегі кеме қатынасы қауіпсіздігі мен энергетикалық нысандар бойынша уақытша атысты тоқтату мәселелері болды.
Келіссөздерден кейін делегациялар БАҚ өкілдеріне түсініктеме берген жоқ.