Эр-Риядта АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер басталды
Дәл қазір Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдерінің ұзақ уақыттан кейінгі алғашқы ресми кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эр-Риядта екі елдің делегациялары келіссөздер өткізу үшін бас қосты. Кездесу барысында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату мәселесі де талқылануы мүмкін.
Ресейді РФ СІМ басшысы Сергей Лавров, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев өкілдік етеді.
АҚШ тарапынан келіссөздерге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысып жатыр.
Украина мен Еуропа келіссөздерге қатыспайды
Украина мен еуропалық елдер бұл келіссөздерге қатыспайды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Киев бұл кездесудің өтетіні туралы хабарланбаған және шақырылмаған. Ол Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей делегацияларының кездесуіне украиналық өкілдер қатыспайтынын растады.
Украина өзіміз қатыспаған кез келген келіссөзді нәтижесіз деп санайды және бізге қатысты қандай да бір шешімдер біздің қатысуымызсыз қабылданса, оларды мойындамаймыз, – деп келтіреді Зеленскийдің сөзін УНИАН.
Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, Италия, Испания және Дания көшбасшылары алдыңғы кеште Парижде шұғыл саммит өткізіп, болашақта Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters еуропалық дипломатқа сілтеме жасап.
Трамп Путинмен кездесуді жоспарлап отыр
АҚШ-тың Киевсіз Ресеймен тікелей байланыс орнатқаны үшін сынға ұшырағаннан кейін, Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюстің айтуынша, Эр-Риядтағы кездесу "келіссөздер басталды деген сөз емес". Бұл тек АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы телефон әңгімесінің жалғасы екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп жақын арада Сауд Арабиясында Путинмен жеке кездесіп, Ресейдің Украинадағы соғысын тоқтатуды талқылауды жоспарлап отырғанын айтқан. Ол сондай-ақ бейбіт келіссөздерге Украина президенті Владимир Зеленский де қатысатынын уәде етті.