11 Қазан 2026, 00:30 Фото: Reuters

Эр-Рияд әуежайына жасалған шабуылдан бірнеше адам жарақат алды

Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір тарап мойнына алған жоқ.

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайына жасалған шабуылдан бірнеше адам жарақат алды. Оқиғаға байланысты әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елдің Азаматтық авиация басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Оқиғаның куәгерлері әуежай аумағында жарылыс болғанын, одан кейін бірнеше адамның жараланған күйде жерде жатқанын көрген. Сондай-ақ оқиға орнына оннан астам жедел жәрдем көлігі келген. Жараланған жолаушылардың бірі әуежай маңында әуеде бір заттың ұшып өткенін көргенін, кейін ұшу қақпаларының біріне жақын жердегі төбенің бір бөлігі опырылғанын айтқан.

Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір тарап мойнына алған жоқ. Алайда оқиға Сауд Арабиясына Иран қолдайтын Йемендегі хуситтердің зымырандық шабуылдары күшейген тұста болды. Reuters мәліметінше, осы аптада әуежайға жасалған екі шабуылдан төрт адам қаза тапқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Сауд Арабиясына хуситтерге қарсы соққылар жасауға қосылуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, АҚШ бұл мәселені қарастырып, шешімді жедел қабылдайды.

АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігі азаматтарына әуежай мен оның маңындағы аумақтан аулақ болуға кеңес берді. Ұлыбритания, Ирландия және Канада елшіліктері де әуежайдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

Flightradar24 деректеріне сәйкес, Эр-Риядқа бағытталған рейстердің барлығы дерлік тоқтатылған немесе басқа әуежайларға бағытталған. Kuwait Airways компаниясы қауіпсіздік жағдайына байланысты Сауд Арабиясының астанасына қатынайтын рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Etihad Airways пен Qatar Airways те Эр-Риядқа қатынайтын бірқатар рейсін тоқтатты.

Соған қарамастан, Эр-Риядта өтуі жоспарланған ірі энергетикалық және инвестициялық конференциялардың ұйымдастырушылары іс-шаралар белгіленген кесте бойынша өтетінін мәлімдеді.