«Ер Қармыс» дастаны кітап болып шықты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы С. Демирел атындағы колледж-лицейінде «Ер Қармыс» кітабының таныстырылымы өтті.
Аталған дастанда қазақ халқының ел болып қалыптасу жолындағы тарихи сәттері мен жаужүрек ұландарының ерлігі баяндалады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен бұл дастанның бірнеше нұсқасы бар. Алайда кітапқа 19 ғасырда өмір сүрген Қалнияз Шопықұлы жазып қалдырған дастан енген.Дастанды кітап етіп басып шығарған SABU Productions басшысы Сандуғаш Тағабергенова бұл шығарманы жас оқырман санасына лайықтап, көркем суреттермен безендіре отырып беруді мақсат тұтқанын айтады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұрынғы тарихиымыздан сыр шертетін дастанды қазіргі жастарға лайықты етіп шығаруды ұйғардық. Ер Қармыс батыр тарихта болған адам, ол жайында көптеген жыр жазылған және оның сүйегі Маңғыстау жерінде. Эпостар бізге ауызша жеткендіктен, бұл дастанның бірнеше түрі бар екен. Алайда біз оның түпнұсқасын таба білдік. Кітапты шығармас бұрын оны екі жылдай зерттедік. Сонда маңғыстаулық жазушы Светқали Нұржан осы нұсқаның өзгеріске ұшырамай жеткенін айтты, - дейді ол.Сонымен қатар ол 10 мың данамен шыққан кітапты әдемі суреттермен безендіру жұмысы да оңайға соқпағанын айтты.
Дастан болғандықтан ондағы батырлардың тұлғасын аша білу керек болды. Олар қандай киім кигені, тіптен қандай қару ұстағанына дейін білікті мамандармен ақылдаса отырып суреттерін салдық. Суреттер 3D форматта, балаларды тартатындай қанық түспен салынды. Қазір біз осы дастан желісі бойынша қысқа метражды мультфильмді де түсіре бастадық. Яғни кітаппен қоса дискіде оның мультфильмі қатар жүретін болады. Мұның барлығы жас өрендерімізге өз тарихиымызды, өз құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, сіңіру үшін қажет, - дейді Сандуғаш Тағабергенова.Кітаптың таныстырылымында ақын, жазушы Светқали Нұржан аталған дастан жайлы қысқаша түсіндіріп өтті.
Ер Қармыс Бекболатұлы 18 ғасырдағы алмағайып заманда өмір сүрген. Менің есебімде 1720 жылдары өмірге келген. Ол кісі ер жеткенде біздің ел Жем бойынан Маңғыстауға еңкейген кезі екен. Сол кезде Ресей империясы тамырын кеңге жайып, оңтүстікке қарай өтпек болып әрекет жасап жатқан. Мына жақта Хиуаға қараған түрікпендер бар. Міне, осының арасында қиян-кескі шайқастар болды. Сондай шайқастың бірі осы жырда Ыстыбай Сары деп аталады. Дастанда оның 75 жасында жаумен айқасқаны айтылады. Батыр қартайып үйде жатқанда шайқаста өлсем деп тілеген. Кейін жау шапты дегенде қолына найзасын алып жауға ұмтылған, - дейді жазушы.Әдемі суреттермен безендірілген кітап оқырманды бірден баурап алады. Әсіресе балаларға ұнайтындай етіп жасалған. Кітаптағы люстрацияны суретші әрі дизайнер Қуаныш Рахимов жасап шыққан. Ол кітапты оқу барысында рухты батырларымыздың ерлігі жайлы мағлұматқа қаныққанын айтады.
Суретті салмас бұрын алдымен жырды толық оқып, оны жете түсіну қажет болды. Кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Суреттердің кейбір тұсын жазушы, тарихшылармен ақылдаса отырып салдым. Бастысы батырдың келбетін, тұлғасын бере білуім керек болды. Кітапты оқу барысында ата-әжелеріміз айтып отыратын батырлар жайындағы аңыз, әңгімелер еске түсті. Суреттерді салуға 5-6 айдай уақыт кетті. Арасында карантин басталып біраз уақытқа созылды. Жалпы кітап өзіме ұнады, қызықты әрі тартымды, балаларға да ұнайды деген ойдамын, - дейді суретші.Ұйымдастырушылар кітаптың таныстырылымын өткізуде С. Демирел атындағы колледж-лицейін тегін таңдамапты. Жас буын қазіргі ақпарат майданында өзгенің жетегінде кетпей, өз құндылықтарын танып білсін деген мақсатта оқушылардың қатысуымен өткізген. Сондай-ақ, оқушыларға кітап тегін таратылды.
Қазір ақпарат өте көп. Бала үшін оның қайсысы пайдалы, қайсы зиян екенін біле бермейміз. Сондықтан баланың қалауы үшін және олардың жақсы болашағы үшін тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білуіміз керек. Ол біздің міндетіміз. Өз құндылықтарын бойына сіңірген бала қайда жүрсе де адаспайды, біз ол үшін қорықпаймыз. Сондықтан балаға жасатайынан өзінің тарихы мен қайдан шыққанын түсіндіретін осындай кітаптардың көптеп шыққаны жөн, - дейді аталған колледж-лицейдің бас директоры Синан Йылдыз.Аталған кітаптың жарық көруіне «БанкЦентрКредит» АҚ демеушілік жасаған. Банктің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Владимиров бұл кітап балалардың намысты болып өсуіне септігін тигізеді деген ойын білдірді.
«Ер Қармыс» - батырлық пен адалдық туралы дастан. Оны оқыған балалардың патриоттық сезімі артып, намысты болып өседі деген үміттемін. Алдағы уақытта балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын дүниелерді көптеп шығарсақ деген ойымыз бар, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы