Ер адамды көліктің астына итеріп жіберген әйелге қатысты сот үкімі шықты
19 ақпан күні Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) бойынша сотқа берілген К. қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылдың қазан айында сотталушы К. Алматы облысы Қарасай ауданы Алматы-Бішкек автожолының шетінде масаң күйде бола тұра, өзінің азаматтық некедегі күйеуі М. арасында туындаған жанжалдың салдарынан оны жүріп бара жатқан жүк автокөлігінің дөңгелектерінің астына итеріп жіберген. Жәбірленуші М. алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза болған, - делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі толығымен дәлелденген және қылмыстық іс материалдарымен расталған.
Қылмыстық кодекстің 53, 54-баптарының талаптарына сәйкес сотталушы К. қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған, ал ауырлататын мән-жай алкогольден масаң күйде қылмыс жасаған, - делінген Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот үкімімен сотталушы К. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енбеді.