Ер адам созақтық дос қызының атына заңсыз несие рәсімдеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері құрбысының атынан несие алып, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Онда жәбірленуші азамат белгісіз біреу өзінің атынан заңсыз онлайн-несие рәсімдегенін көрсетеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 170 мың теңге.
Созақ АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктіні бір күн ішінде ұстайды. Ол Шымкент қаласында тұратын өзінің досы болып шықты. Полицейлер тез арада болған істің мән-жайын анықтайды. Тергеу барысында күдікті алаяқтық жолмен досының жеке бас мәліметтері мен банктегі шот нөмірлерін біліп алып, оның атынан 170 мың теңге жедел онлайн-несие алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда аталған алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Полицейлер болған жайттың мән-жайы мен күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға өздеріңізге қатысты жеке мәліметтер дерегін сақтықта ұстап, өзгелерге көрсетпеу керектігін ескертеді. Қазіргі таңда, осындай жедел несие үшін, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу және тағы басқа жағдайларда интернет арқылы алаяқтық жасайтын жайттар көптеп кездесуде. Сондықтан интернет-алаяқтардан және жақсы таныс емес азаматтарға сенуден, өзіңізге қатысты жеке мәліметтерді беруден абай болыңыздар. Осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыздар.