Ер адам "курьер" болып келіп, өз танысының пәтерін тонап кетті
Астанада 38 жастағы ер адам танысының пәтерін тонап кетті. Ол курьер кейпінде келіп, кілттің көшірмесі арқылы кірген. Полицейлер екі тәулікте ұрлықты әшкереледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада полицейлер пәтер ұрлығын екі тәуліктің ішінде ашты. Қала тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу үйіне кіріп, қомақты ақша мен төрт алтын сақинаны ұрлап кеткен. Ұрлық күндіз, үй иелері жұмыста болған кезде жасалған. Көршілер де, куәгерлер де бөтен адамның пәтерге кіргенін байқамаған. Жәбірленуші жалпы шығынды 1,5 миллион теңгеге бағалады.
Сарайшык аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол – отбасының 38 жастағы танысы болып шықты. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам ұрлық жасау үшін ыңғайлы сәтті күтіп, курьер кейпінде келген. Үйде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, кілттің көшірмесін қолданып пәтерге кірген, - делінген қалалық ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ақшаны өз қажетіне жұмсап үлгерген, ал алтын әшекейлер заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Астана қаласы Полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға және мүлікті қорғау шараларын күшейтуге шақырды. Егер сіз ұрлықтың немесе өзге де қылмыстың құрбаны не куәгері болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертті.