Эпилепсияға шалдыққан адамдар бала сүйе ала ма? – Дәрігер жауап берді

Эпилепсия – жас таңдамайтын созылмалы инфекциялық емес ми ауруы. Бұл сырқаттың негізгі сипаты – қайталанатын ұстамалар. Ұстама ұстаған кезде дененің кез келген бөлігі, тіпті кейде бүкіл дене қысқа мерзімге құрысып қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде 50 н жуық адам осы дертке шалдыққан. Ал жыл сайын шамамен 5 миллион тұрғынға осы диагноз қойылады. Аурудың себептері қандай? Ол адамның өмір сүруіне, тіпті бала сүю қабілетіне қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаева сұхбат барысында жауап берді.
- Эпилептология ғылым ретінде қай жылдан бастап зерттеле бастады?
- Эпилепсияны алғаш сипаттағандардың бірі – ежелгі грек дәрігері Гиппократ. Ол бұл ауруды «қасиетті ауру» деп атап, ұстамалардың пайда болуына сыртқы факторлар әсер етеді деп санаған.
- Эпилепсияның басты себептері қандай? Тұқым қуалай ма, әлде жүктілік кезінде белгілі бір факторлар әсер ете ме?
- Эпилепсияның пайда болуына түрлі себептер әсер етеді. Мәселен, тұқым қуалайтын факторлар, яғни генетикалық ақаулар немесе зат алмасудың бұзылуынан пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар жүктілік кезінде инфекция жұқтыру, босанып жатып жарақат алу секілді факторлар осы сырқаттың пайда болуына әкеп соғуы ықтимал. Бұл – туа біткен себептер.Одан бөлек, жүре пайда болған факторлар да кездеседі. Олардың қатарында адамның бассүйек-ми жарақаттары, алған инсульт, мидағы ісіктер бар.
Бұл факторлар мидағы нейрондардың шамадан тыс разрядтарына әкеліп, эпилепсиялық ұстамаларды тудыруы мүмкін.
- Жол апаты, қатты жарақат салдарынан эпилепсия пайда болуы мүмкін бе?
- Иә, жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, бассүйек-ми жарақаттары эпилепсияның пайда болуына әкелуі мүмкін. Жол апаты немесе басқа да қатты жарақаттар мидағы құрылымдық өзгерістерге әкеледі. Соның салдарынан эпилепсиялық ұстамалар пайда болуы ықтимал.
Эпилепсиялық ұстаманың басты себептерінің бірі – ұйқының бұзылуы немесе оның жетіспеушілігі. Сонымен қатар күйзеліс, қорқыныш немесе қатты қобалжу ми жұмысын өзгертіп, ұстаманы тудыруы мүмкін. Қатты жарық шамдар, экрандағы жылдам өзгеретін бейнелер немесе қатты дыбыстар кейбір адамдар үшін триггер болуы ықтимал. Алкогольді артық тұтыну және есірткі қолдану мидың белсенділігін бұзып, қауіпті жағдайлар туғызады. Эпилепсияға қарсы дәрілерді уақытында қабылдамау немесе дозасын өзгерту ұстамалардың ауырлығын арттырады. Әйелдерде етеккір циклі, гормондық өзгерістер, ұзақ уақыт тамақтанбау немесе қант деңгейінің күрт өзгеруі де ұстамалардың жиілігіне ықпал етеді.
.jpeg)
- Эпилепсия толық емделе ме? Ол үшін қандай ем-дом қажет?
- Эпилепсия, негізінен, созылмалы неврологиялық сырқат. Біздің бұл дертті емдеудегі басты мақсатымыз – ұстамаларды тоқтату.
Бұл жерде дәрігердің білімі мен біліктілігі үлкен рөлге ие деп айтсам болады. Себебі, диагностика мен терапия дұрыс таңдалса, эпилепсиялық ұстамаларды тоқтатуға болады.
Қазіргі күні біз бірнеше емдеу тәсілін пайдаланамыз. Атап айтсам, медикаментозды терапия, хирургиялық жолмен емдеу және балама әдістер қолданылады. Медикаментозды терапия кезінде сырқатты емдеу үшін дәрі-дәрмек қолданылса, хирургиялық тәсіл кезінде күрделі ота жасалады. Ал балама әдіске келер болсақ, мәселен стимулятор имплантациясы ұстамалардың санын 30-50 пайызға төмендетеді.
- Өзіңіз жұмыс істейтін ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Эпилептология орталығы туралы айтып беріңізші? Мұнда қанша пациент ем алады?
- ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Эпилептология орталығы эпилепсияны емдеудің толық циклін жүзеге асырады.
Орталықта біз кеңес беріп, диагностика жасау, зерттеу жүргізуден бастап, хирургиялық араласуға дейінгі қызметтер көрсетіледі. Командамызда эпилептологтар, нейрохирургтер, функционалдық диагностика дәрігерлері, радиологтар, неврологтар және клиникалық фармакологтар бар. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға күш саламыз. Орталықта жыл сайын 30-ға жуық ашық, күрделі операция жасалады.
- Эпилепсия адамның өмір сапасына қалай әсер етеді? Бұл дертке шалдыққан жандар да отбасын құрып, өмірге ұрпақ әкеле алады ғой?
- Көп жағдайда эпилепсия адамның өмір сапасына әсер етуі мүмкін. Десе де, пациентке дұрыс ем тағайындалса және ол дәрігердің ұсыныстарын бұлжытпай орындап, ұйқы режимін сақтаса, өзгелермен қатар толыққанды өмір сүре алады. Сонымен қатар уайымды, күйзелісті азайтып, жарық, алкоголь, шаршау сынды триггерлерден мейлінше аулақ болып, дұрыс тамақтану мен денсаулықты қадағалау ұстаманы болдырмауға септігін тигізеді.
Әрине, бұл дертке шалдыққан жандар да үйленіп, бала сүюге қабілетті. Маңыздысы – ауруды бақылауда ұстау және тұрақты медициналық бақылауда болу.
- Сұхбатыңызға рахмет!