Эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмау жұқтыру дерегі көбейді

Ертіс өңірінде эпидемиологиялық маусым басталғалы 243 мың адам жедел респираторлы вирустық ауруларды жұқтырса, тұмаудың 33 дерегі расталған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, тұмаудың 33 жағдайының ішіндегі 20 жағдай «А» типті, қалғаны «В» типті ауруға жатады.

Алдыңғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырсақ, өткен маусымда 11 адам тұмау жұқтырған. Қазір ЖРВИ жұқтырған 97 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың 16-сы – бала. Тағы 60 ұл-қыз амбулаториялық бақылауға алынған. Тұмауды алдын алу мақсатында екпе салу жоспарлы түрде өтті. Биыл 90 мың адам жергілікті бюджет есебінен вакциналанды. Олардың 18 мыңы – 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Эпидемиологиялық маусым жалғасын табуда. Профилактикалық шаралар өзгерген жоқ. Атап айтқанда, жеке гигиенаны сақтау, екпе салу, қоғамдық орындарда бетперде кию және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, - дейді Батырбек Әлиев.

Санитарлық дәрігерлер әлемде қызылша ауруының таралуына байланысты сақтық шараларын күшейтуді ескертеді. 

Әлемде қызылша жұқтырудың 150 мыңнан астам дерегі тіркелді. Павлодар облысында қызылша бойынша жағдай тұрақты. Былтыр бір жағдай тіркелген еді. Өңір Ресеймен шекаралас болғандықтан, ауру таралуы мүмкін. Әдетте бұл ауруды екпе алмаған және иммунитеті жоқ азаматтар жұқтырады, - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы