Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет - Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин онлайн Үкімет отырысы барысында  елдегі эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясына қарсы күрес шараларына тоқталды.

Карантиндік шаралардың мерзімі 2 тамызда аяқталады. Жалпы, осы кезеңде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. Жазылып кеткендердің саны 63 пайыздан асты. Вирус жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға дейін азайды.  Ауруханалардағы орындардың жүктелуі 46 пайызға дейін төмендеді. Айдың қорытындысы бойынша жедел жәрдемді шақыру бойынша көрсеткіш 38 пайызға төмендеді, - деді ол. 

Премьер-министр барлық өңір дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен  қамтамасыз етілгенін жеткізді. 
Осыған орай, эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданатын болады, - деді ол.

Бұған дейін ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету жоспары әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы