eOtinish-ке Конституция реформасына байланысты 4 мыңнан аса ұсыныс түскен

Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституцияның жобасы қоғамда кеңінен талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғамдық талқылау айтарлықтай жандана түсті. Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері eOtinish платформасына әлі де түсіп жатыр. Қазір олардың жалпы саны 4 мыңнан асты. Ұсыныстар тек азаматтардан ғана емес, сарапшылардан да келіп жатыр. Адвокаттар қауымдастығынан келіп жатқан ұсыныстар да аз емес, - деді ол Конституциялық комиссия отырысында.

Жандос Шаймарданов eOtinish-ке келген ұсыныстардан Конституцияның қоғамдық санадағы рөлі өзгеріп жатқанын байқауға болатынын жеткізді.

Жаңа Конституцияның жобасын талқылау барысында Ата заңға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп келе жатқаны байқалады. Азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастады. Азаматтардың ұсыныстарында Конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділетке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей әсер етуге тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан, - деді институт директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы