ЕО жасанды интеллект жасаған контентті таңбалауды заңмен міндеттеді
Ережені бұзғандарға қомақты айыппұл қарастырылған.
Еуропалық одақта1 тамыздан бастап жасанды интеллект (AI) көмегімен жасалған контентті міндетті түрде арнайы белгілеу туралы талап күшіне енді. Бұл ереже ЕО-ның жасанды интеллектті реттеуге арналған алғашқы кешенді заңы – AI Act аясында енгізілді.
DW басылымының мәліметінше, енді жасанды интеллект жүйелерін әзірлеушілер мен жеткізушілер AI арқылы жасалған белгілі бір контентті анық әрі көрнекі түрде таңбалауға міндетті. Бұл талап шынайы адамдарды, нысандарды, орындарды немесе оқиғаларды бейнелейтін суреттерге, аудио және бейнематериалдарға, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша алдын ала редакциялық тексерусіз жарияланатын мәтіндерге қатысты.
Сонымен қатар заңда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Мәселен, орфографиялық қателерді түзету немесе фотосуреттерді өңдеу сияқты көмекші функцияларды орындайтын AI жүйелеріне бұл талап қолданылмайды. Сондай-ақ көркем, шығармашылық, сатиралық немесе ойдан шығарылған контентке таңбалау жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
Жаңа талаптар тек AI әзірлеушілеріне ғана емес, жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдарды кәсіби немесе коммерциялық мақсатта пайдаланатын ұйымдар мен тұлғаларға да қатысты. Олардың қатарында компаниялар, бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары, кәсіби инфлюенсерлер, мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар бар.
Ережені бұзғандарға қомақты айыппұл қарастырылған. Компанияларға 15 миллион еуроға дейін немесе жылдық жаһандық айналымының 3%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал ЕО мекемелері мен агенттіктеріне 750 мың еуроға дейін айыппұл қарастырылған. Шағын және орта бизнес үшін айыппұл мөлшері пропорционалдық қағидаты негізінде белгіленеді.