3 Қазан 2026, 05:18 Фото: depositphotos.com

ЕО Украинаға 2,9 млрд еуро көлемінде жаңа қаржылық көмек бөлді

Еурокомиссияның мәліметінше, бұл Украинаға қаржылық көмек бағдарламасы аясында берілген сегізінші транш.

Еуропалық Одақ Украинаға 2,9 млрд еуро көлемінде жаңа қаржылық көмек пакетін бөлді. Қаражат елдің қаржылық қажеттіліктерін өтеуге, мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге, реформалар жүргізуге және экономиканы қалпына келтіруге бағытталған, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Еурокомиссияның мәліметінше, бұл Украинаға қаржылық көмек бағдарламасы аясында берілген сегізінші транш. Оның 800 млн еуросы «Украинаны қолдау кредиті» бағдарламасы бойынша бөлінген. Қаражат сот жүйесі, қаржы нарықтары, бизнес ортасы, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және жасыл экономика салаларындағы реформаларды жүзеге асырғаннан кейін берілді.

Жаңа траншты есептегенде, аталған бағдарлама аясында Украинаға көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 32 млрд еуродан асты.

ЕО жыл соңына дейін Украинаға тағы 33,7 млрд еуро көлемінде қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін. Оның 16,6 млрд еуросы қорғаныс өнеркәсібін нығайтуға, 17,1 млрд еуросы бюджеттік қолдауға бағытталмақ.

Бұдан кейінгі төлемдер Украинаның келісілген реформалар мен тиісті саяси талаптарды орындауына байланысты болады.

2024-2027 жылдарға арналған ЕО бағдарламасы Украинаға қаржылық тұрақтылықты сақтау, қалпына келтіру және жаңғырту үшін 50 млрд еуродан астам грант пен несие беруді көздейді.