ЕО Ресей азаматтарына арналған виза тәртібін қатаңдатты
Еуропалық комиссия Ресей азаматтарына виза беру ережелерін күшейткені туралы мәлімдеді. Бұл туралы Еурокомиссияның жазбаша мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатта көрсетілгендей, "миграцияны қысым жасау құралы ретінде пайдалану, диверсия және визалық режимді теріс пайдалану" секілді Ресейдің әрекеттері Еуропа қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.
Еурокомиссия төрағасының технологиялық егемендік, қауіпсіздік және демократия мәселелері жөніндегі орынбасары Хенна Вирккунен мәлімдемеде:
Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруі, диверсия, дезинформация және дрондарды пайдалану арқылы жасалған бұзушылықтар Еуропаның қауіпсіздігі үшін елеулі қатер болып отыр. Виза тәртібін қатаңдату арқылы біз ЕО азаматтарының қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті қадам жасап жатырмыз, – деді.
ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас та жағдайдың күрделілігін атап өтті:
Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы соңғы онжылдықтардағы Еуропадағы ең қауіпті қауіпсіздік жағдайын туғызды. Біз қазір диверсияның, әуе кеңістігін дрондармен бұзу әрекеттерінің бұрын-соңды болмаған жағдайына тап болдық. ЕО аумағына сапар шегу – құқық емес, артықшылық, – деді ол.
Еурокомиссияның ішкі істер мен миграция мәселелері жөніндегі мүшесі Магнус Бруннер енді ресейлік азаматтардың барлық виза өтініштері "қатаң тексеруден өтетінін және бақылау деңгейі айтарлықтай жоғары болатынын" мәлімдеді.
Жаңа ережелерге сәйкес, Ресей азаматтарына көп мәртелік визалар берілмейді, әр сапар үшін бөлек өтініш тапсыру керек. Бұл шара қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздікке төнетін қауіптің алдын алуға бағытталған. Дегенмен, тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушылар үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылады.
Айта кетейік, 2022 жылы Еуроодақ Ресеймен виза беру тәртібін жеңілдету туралы келісімді тоқтатқан еді. Кейін ресейлік азаматтарға виза беру бойынша одан да қатаң ережелер дайындалған болатын.