ЕО Қытайдан сирек кездесетін элементтерге тәуелділікті азайтуға кірісті
Еуропалық Одақ (ЕО) Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қақтығысы жағдайында сирек кездесетін элементтерге тәуелділікті азайту мақсатында жаңа стратегия әзірлеуде. Бұл туралы Reuters агенттігі Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейеннің мәлімдемесіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Фон дер Лейеннің айтуынша, ЕО Австралия, Канада, Чили, Гренландия, Қазақстан, Өзбекстан және Украина сияқты елдермен маңызды шикізат саласындағы серіктестікті күшейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Еуропада сатылатын өнімдерден сирек кездесетін элементтерді қайта өңдеу және қалпына келтіру бойынша жұмыс жанданады.
«Мақсат — еуропалық өнеркәсіп үшін қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективада маңызды шикізаттың балама көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету», — деді Еурокомиссия басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам Қытайдың сирек кездесетін металдар нарығындағы үстемдігіне байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Бұған дейін АҚШ та өз елінде және одақтастарында сирек металдарды өндіру мен қайта өңдеуді кеңейтуге тырысып жатқаны хабарланған. ABC News мәліметінше, Қытай билігі АҚШ-пен сауда шиеленісі аясында экспорт ережелерін қатаңдатып, сирек кездесетін материалдар мен олардан жасалған өнімдерді сыртқа шығаруға үкіметтің арнайы рұқсатын талап етуді енгізген.