5 Қыркүйек 2026, 16:20 Фото: unsplash.com

ЕО-ның бес елі мигранттарды серіктес елдерге депортациялаудың жаңа жүйесін әзірлеп жатыр

Қазіргі уақытта бес мемлекет мұндай орталықтарды бір немесе бірнеше серіктес елдің аумағында құру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Әзірге бұл мемлекеттердің атауы жарияланған жоқ. Алайда бірқатар БАҚ Уганда мен Руанданы ықтимал нұсқалар ретінде атады.

Дания, Австрия, Германия, Нидерланд және Грекия Еуропалық одақтан тыс елдермен келіссөздер жүргізу үшін депортациялық орталықтардың ортақ моделін әзірлеуге келісті.

Euronews таратқан ақпаратқа сәйкес, бес ел 2027 жылға қарай заңсыз мигранттарды Еуропалық одақтан тыс жерде орналасатын депортациялық орталықтарға жіберуге дайын болуды жоспарлап отыр. Бұл туралы жұма күні Копенгагенде өткен кездесуде аталған елдердің ішкі істер министрлері мәлімдеді.

Министрлер «қайтару орталықтарының» бірыңғай моделін құруға уағдаласты. Мұндай орталықтар осы бес елден баспана сұрап, өтініштері қабылданбаған және шыққан елдеріне қайтару мүмкін емес мигранттарды орналастыруға арналған.

Қазіргі уақытта бес мемлекет мұндай орталықтарды бір немесе бірнеше серіктес елдің аумағында құру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Әзірге бұл мемлекеттердің атауы жарияланған жоқ. Алайда бірқатар БАҚ Уганда мен Руанданы ықтимал нұсқалар ретінде атады.

Данияның көші-қон министрі Мортен Бёдсковтың айтуынша, қабылданған қағидаттар 2027 жылға қарай алғашқы заңсыз мигранттарды ЕО-дан тыс серіктес елге жіберуге мүмкіндік беретін негіз қалыптастырады.

Ол бұл орталықтардың «түрме» немесе «ұстау лагері» болмайтынын атап өтті.

Орталықтарды бес мемлекет толық қаржыландырады деп жоспарлануда. Сондай-ақ олар серіктес елдерге қосымша қаржы бөліп, коммерциялық келісімдер жасап немесе басқа да ынталандыру шараларын ұсына алады.

Австрияның ішкі істер министрі Герхард Карнер жаңа жүйенің басты мақсаты заңсыз көші-қонды барынша азайту екенін айтты.

Грекияның көші-қон министрі Танос Плеврис әлеуетті серіктес елдермен келіссөздер жалғасып жатқанын және тараптар арасындағы талқылаулардың барған сайын нәтижелі болып келе жатқанын мәлімдеді.

Бес министр қыркүйек айының соңында Мюнхенде қайта кездесуді жоспарлап отыр.

Маусым айында Еуропарламент мемлекеттерге ЕО-ға кірмейтін елдермен келісімдер негізінде қайтару орталықтарын құруға мүмкіндік беретін жаңа көші-қон заңын мақұлдаған болатын. «Қайтару туралы регламентті» ЕО елдері түпкілікті мақұлдағаннан кейін күзде қабылдау күтіледі.

Қазір ЕО-ның көптеген елдері мұндай орталықтарды құруға қызығушылық танытып отыр. Италия бұған дейін Албаниямен бірлесіп осыған ұқсас жобаны жүзеге асыра бастаған.

Алайда Еуропадағы қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар бұл бастаманы қатаң сынға алды. Мигранттар құқығын қорғаумен айналысатын Picum ұйымының директоры Мишель ЛеВуа мұндай орталықтарға адамдарды жіберу балаларды, ересектерді және отбасыларды Еуропада қалыптастырған өмірінен ажыратып, оларды өздері білмейтін жерлерде ұзақ уақыт ұстауға әкелуі мүмкін екенін айтты.