ЕО кімдерге және не үшін көп мәртелік визаларды күрт қысқартты
Туристер жаңа шектеулерге тап болды.
Еуропалық визалық саясат Ресей азаматтарына қатысты айтарлықтай қатаңдады: көп мәртелік шенген визалары іс жүзінде жойылып, олардың орнына нақты сапарға ғана берілетін қысқа мерзімді визалар келді. Бұл жағдай туристік нарыққа және саяхатшылардың жоспарларына әсер ете бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Ресейліктерге берілетін көп мәртелік шенген визалары шамамен 90%-ға қысқарды, – деп мәлімдеді Ресей туроператорлар қауымдастығы.
Еуропалық одақ елдерінің визалық саясатының қатаюына байланысты 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында Ресей азаматтарына берілген көп мәртелік шенген визалары 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кемінде 90%-ға азайды. Оның орнына консулдықтар көбінесе нақты сапар күндеріне ғана жарамды бір реттік визалар беруде.
Бұл тәжірибе туристерге әр сапар алдында қайта құжат тапсыруға мәжбүрлейді, соның салдарынан уақыт пен қаржылық шығындар артады, – делінген ақпаратта.
Кейбір жағдайларда ресейліктерге екі мәртелік визалар беріледі, негізінен круиздік бағыттар үшін. Нарық қатысушыларының мәліметінше, мұндай тәжірибе Италия, Франция, Испания және Греция консулдықтарында қолданылады.
Сонымен қатар дәл осы елдер ресейлік туристер арасында ең сұранысқа ие бағыттар болып қала береді. Шенген визасын алу үшін ең танымал елдер бұрынғысынша Италия, Франция және Испания, – деп атап өтті ақпарат агенттігі.
Туризм саласының сарапшыларының айтуынша, бір реттік визаларға көшу саяхаттың икемділігін төмендетіп, сапар жиілігіне әсер етуі мүмкін. Туристер енді маршруттары мен сапар күндерін мұқият жоспарлауға мәжбүр, өйткені аяқ астынан сапарға шығу мүмкіндігі іс жүзінде жойылды.
Сонымен қатар көп мәртелік визалардың қысқаруы туристік ағынның визалық режимі жеңіл елдерге қарай қайта бөлінуіне әкелуі мүмкін.