ЕО Еуропадан тыс аумақта мигранттарға арналған «қайтару орталықтарын» құруды қарастырып жатыр
Еуропалық комиссияның мәліметінше, 2025 жылы ЕО аумағынан шығарылуы тиіс адамдардың нақты қайтарылу көрсеткіші 28 пайызға жеткен. Жаңа жүйенің негізгі мақсаттарының бірі – осы көрсеткішті арттыру.
Еуропалық одақ өз аумағында болуға заңды негізі жоқ адамдарды қайтару тетіктерін кеңейтпек. Осыған байланысты ЕО елдері үшінші мемлекеттерде «қайтару орталықтарын» құру мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл бастамаға қатысты Армения мен Грузия да аталған.
2026 жылғы маусымда ЕО Кеңесі мен Еуропарламент заңсыз жүрген адамдарды қайтарудың жаңа ережелері бойынша алдын ала келісімге келген. Құжатта үшінші елдерде return hubs – қайтару орталықтарын құру мүмкіндігі қарастырылған. Олар мигранттарды қайтарғанға дейін уақытша орналастыру немесе оларды шыққан еліне жөнелту үшін транзиттік пункт ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Алайда келісілген ережелерге сәйкес, мұндай орталықтар туралы келісімдер халықаралық адам құқықтары нормаларын және адамдарды қауіп төнетін елге мәжбүрлеп қайтармау қағидатын сақтайтын үшінші елдермен ғана жасалуы тиіс, – деп хабарлады «Еуразиялық брифинг».
Қыркүйекте Германия, Австрия, Грекия, Дания және Нидерланд үшінші елдермен осындай орталықтар құру туралы келісімдерге қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Алайда нақты қандай мемлекеттермен келісім жасалатыны әзірге жарияланған жоқ.
Армения тарапы тамыз айында ЕО-дан өз аумағында мигранттарға арналған қайтару орталығын құру туралы ұсыныс алмағанын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе армян тарапымен талқыланбағанын айтты.
Осыған байланысты Армения ЕО-мен 250 мың мигрантты қабылдау туралы келісімге келді деген ақпарат әзірге расталған жоқ. Ресми дереккөздерде мұндай келісімнің жасалғаны туралы мәлімет жоқ.
Грузия да миграция және мигранттарды қайтару мәселелері бойынша Еуропа құрылымдарымен ынтымақтасады. Дегенмен Тбилиси мен ЕО арасында Грузия аумағында қайтару орталығын орналастыру туралы ресми келісім әзірге расталмаған.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, 2025 жылы ЕО аумағынан шығарылуы тиіс адамдардың нақты қайтарылу көрсеткіші 28 пайызға жеткен. Жаңа жүйенің негізгі мақсаттарының бірі – осы көрсеткішті арттыру.