ЕО-да жанармай бағасы қымбаттады: 5 ел энергетикалық компанияларға салық енгізуді ұсынды
Сарапшылардың дерегінше, дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 30%-дан астамға қымбаттаған.
Италия, Германия, Испания, Португалия және Австрия Еуроодақтан энергетикалық компаниялардың артық пайдасына салық енгізуді сұрады. Бұл туралы аталған елдердің қаржы министрлері Брюссельге жолдаған хатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Ұсыныс жанармай бағасының өсуіне және Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан тұтынушыларға түсіп отырған қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған. Министрлердің айтуынша, ұлттық деңгейдегі шаралармен қатар, ЕО аясында бірлескен шешім қабылдау қажет.
Олардың пікірінше, мұнай бағасының қымбаттауы экономикаға қысым түсіріп отыр, сондықтан бұл ауыртпалықты әділ бөлу маңызды. Осындай ортақ шара азаматтар мен бизнеске Еуроодақтың бірлесіп әрекет ете алатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда Еуропада жанармай бағасы айтарлықтай өскен. Мәселен, Италияда бензиннің орташа бағасы литріне 1,77 еуро, ал дизель 2,13 еуроға жеткен. Германияда да ұқсас жағдай байқалады.
Сарапшылардың дерегінше, дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 30%-дан астамға қымбаттаған. Бағаның өсуі халықаралық шиеленіс пен салық саясатының өзгеруімен байланысты.