ЕО-да дәрі-дәрмек тапшылығы рекордтық деңгейге жетті
Еуропалық одақ елдерінде дәрілік заттардың жетіспеушілігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл туралы Есеп палатасының жаңа баяндамасында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Аудиторлардың мәліметінше, мәселе ұзақ жылдардан бері белгілі болғанымен, жалпыеуропалық бақылау құрылымының болмауы және елдер арасындағы заңнамалық айырмашылықтар оны шешуге кедергі келтіруде.
2022-2024 жылдар аралығында Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) тапшылықтың 136 жағдайын тіркеген. 2025 жылғы наурызда 34 түрлі препараттың жетіспеушілігі байқалды. Оның ішінде 16 атауы Еуропалық комиссияның өмірлік маңызды дәрілер тізіміне кіреді.
Жетіспейтіндердің қатарында антибиотик амоксициллин, тромболитиктер және цианидке қарсы антидоттар сияқты маңызды препараттар бар.
Есепте дәрілік заттардың қолжетімділігі мен олардың қоры туралы деректердің бытыраңқылығы негізгі проблема ретінде көрсетілген. Мәселен, Нидерландыда өндірушілер тапшылықты екі ай бұрын хабарлауға міндетті болса, Бельгияда бұл талап жоқ. Ақпарат көбіне ұлттық деңгейде қалып, Брюссельге жетпей қалады.
Аудиторлар ЕО соңғы жылдары дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне қатысты бірқатар заңдар қабылдағанымен, олардың тиімділігін қамтамасыз ететін мәжбүрлеу тетіктері жоқ екенін атап өтті.