ЕО баспана мәселесін шешу үшін 27 елге ұсыныс жасады
Бұл бастама Еуропада тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты наразылықтар күшейген тұста жарияланды.
Еуропалық Одақ Кеңесі мүше 27 елді баспанасыздықтың алдын алуға және тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруды азайтуға бағытталған шаралар қабылдауға шақырды.
Euronews-тің хабарлауынша, ұсыныстарға жалдау ақысын төлеуге шұғыл көмек көрсету, берешекті реттеу бойынша кеңес беру, балалар мен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету және баспанасыз адамдарға арналған бірыңғай қызмет көрсету орталықтарын құру кіреді.
Сондай-ақ әлеуметтік және қолжетімді тұрғын үй санын арттыру үшін жаңа үйлер салуға, ескі ғимараттарды жаңартуға және тұрғын үй құрылысына инвестиция тартуға басымдық беру ұсынылды.
Бұл бастама Еуропада тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты наразылықтар күшейген тұста жарияланды. Мысалы, Deutsche Bank Research деректеріне сәйкес, 2025 жылы Лиссабонда тұрғын үйді жалдау шығындарының табысқа қатынасы 116%-ға жеткен.
ЕО Кеңесінің ұсынымдары міндетті емес, олар мүше елдерге баспанасыздық пен тұрғын үй мәселесін шешуге бағыт береді.