ЕО 2040 жылға қарай шығарындыларды 90%-ға қысқартуды жоспарлап отыр
2030 жылдары көміртегі квоталары азайған сайын олардың бағасы өсуі мүмкін.
Еуропалық Одақ климаттық саясат, экономикалық бәсекеге қабілеттілік және энергетикалық қауіпсіздықтың бірін таңдай алмайды. Бұл бағыттар өзара тығыз байланысты. Бұл туралы Еуропалық комиссияның Климат жөніндегі бас директоратының бас директоры Ян Душик мәлімдеді, деп жазды Euronews.
Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс Еуропаның импорттық мұнай мен газға тәуелділігінің тәуекелдерін тағы бір рет көрсетті.
«Климаттық саясат сақталуы керек, өйткені біз Еуропада өмір сүргіміз келеді», – деді Душик.
ЕО қазба отындарына тәуелділікті азайту үшін экономиканы электрлендіруге және ішкі энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл шаралар энергия бағасының құбылмалылығын төмендетіп, еуропалық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.
Еурокомиссия 2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын сақтап отыр. Ал 2040 жылға қарай парниктік газдардың таза шығарындыларын 90%-ға қысқарту көзделген.
Бұл ретте ЕО шығарындылар саудасы жүйесін – EU ETS-ті жаңартуды жоспарлап отыр. 2030 жылдары көміртегі квоталары азайған сайын олардың бағасы өсуі мүмкін. Бұл кәсіпорындарды шығарындылар үшін төлем жасағаннан гөрі, таза технологияларға инвестиция салуға ынталандыруы тиіс.
Еурокомиссия климат өзгерісінің салдарына бейімделуге де ерекше назар аудармақ. Аптап ыстық, су тасқыны және басқа да экстремалды құбылыстарға қарсы климаттық тұрақтылық стратегиясын әзірлеу жоспарланған.
Сонымен қатар Брюссель ETS-тен түсетін қаражаттың көбірек бөлігін өнеркәсіпті декарбонизациялауға бағыттауды көздейді. Қазір бұл мақсатқа кірістің шамамен 5%-ы ғана жұмсалады. Қаражатты сутегі энергетикасына, аккумуляторларға, көмірқышқыл газын ұстау және сақтау технологияларына бағыттау ұсынылып отыр.
Еурокомиссия осылайша климаттық саясатты тек экологиялық міндет емес, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздығы мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігінің маңызды бөлігі ретінде қарастырып отыр.