ЕО 2027 жылдан бастап ресейлік сұйытылған газ импортына тыйым салуды ұсынды
Еуропалық комиссия Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетінің бір бөлігі ретінде алғаш рет ресейлік сұйытылған табиғи газға импорттық тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы энергетика жөніндегі ЕО комиссары Дэн Йоргенсен Euronews-ке мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл Еуропадағы ресейлік газдан бас тарту процесін айтарлықтай жеделдетеді, – деді ол.
Егер шара мақұлданса, ресейлік сұйытылған газ жеткізілімі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылады. Бұған дейін Брюссель ресейлік қазба отындарын 2027 жылдың соңына дейін толық сатып алуды тоқтатуды көздейтін «жол картасын» жариялаған еді.
Қазір ресейлік сұйытылған газ негізінен Бельгия, Нидерланды, Франция, Испания және Португалия порттарына жеткізіледі. Өткен жылы ЕО ресейлік энергия тасымалдаушыларына шамамен 21,9 млрд еуро жұмсаған.
Жаңа санкциялардың қабылдануы үшін ЕО-ға мүше 27 елдің барлығы бірауыздан қолдау білдіруі тиіс. Бұл ретте Венгрия мен Словакия тарапынан қарсылық болуы мүмкін. Алайда Еурокомиссия газ көздерін әртараптандыру арқылы екі елдің де жеткізілім қауіпсіздігіне нұқсан келмейтінін атап өтті.
Сонымен бірге, ЕО ресейлік құбыр газы мен ядролық отынды кезең-кезеңімен тоқтатуға бағытталған заңнамалық жұмысты жалғастырып жатыр.