Энергия тапшылығын жою жоспары: Бектенов Павлодардағы ірі нысандарды тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және ел экономикасы мен халықтың өсіп келе жатқан сұранысын жабу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапар барысында тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысы, энергетика мен көмір өндіру саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Павлодар облысы – елдегі электр энергиясын өндірудің негізгі тірегі. 2025 жылы өңір Қазақстандағы жалпы электр өндірісінің 42%-ын қамтамасыз еткен. Осы орайда Премьер-министр Екібастұздағы МАЭС-1, МАЭС-2 және «Богатырь Көмір» ЖШС нысандарында болып, энергетикалық кешеннің қазіргі ахуалы мен даму перспективаларымен танысты.
Екібастұз МАЭС-1 алаңында отынмен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту, жаңа түтін құбырын салу және ескісін бөлшектеу жұмыстары өңірді энергиямен қамтудың сенімділігін арттыруға бағытталған негізгі шаралар ретінде таныстырылды.
Сондай-ақ Ақсу МАЭС-тегі №7 энергоблокты реконструкциялау, генерациялық және желілік инфрақұрылымды жаңарту, баламалы энергия көздерін дамыту жобалары туралы баяндалды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, 2026 жылы елімізде шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде газ жобалары мен жаңартылатын энергия көздері бар. Жалпы саны 13 ірі жоба жүзеге асырылмақ.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық аясында 46 негізгі жабдықта жөндеу жұмыстары аяқталғанын, 37,1 шақырым жылу желісі жаңғыртылғанын хабарлады. Бұл жылу жүйелерінің тозу деңгейін 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.
Екібастұз МАЭС-2-де стансаны кеңейту жобасы таныстырылды. Қазіргі қуаты 1 ГВт болатын нысанға №3 және №4 энергоблоктарды салу арқылы жалпы қуатты 2,1 ГВт-қа дейін арттыру көзделіп отыр. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, №3 энергоблок 2028 жылы, №4 энергоблок 2030 жылы іске қосылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. МАЭС-2-нің қосымша энергия блоктарын іске қосу және МАЭС-3-тің құрылысын бастау – бұл барлық экономикаға серпін береді. Біз біртіндеп энергия тапшылығын жойып, отандық бизнеспен қатар инвесторлар үшін де қажетті энергия қуаттарын ұсынуға мүмкіндік аламыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар «таза көмір» технологиясына негізделген, жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын МАЭС-3 құрылысы кезең-кезеңімен іске асырылмақ.
Премьер-министр «Богатырь Көмір» ЖШС карьерінде де болып, әлемдегі ең ірі ашық көмір разрездерінің біріндегі өндіріс процесімен танысты. Кәсіпорын Қазақстандағы көмір өндірісінің 38%-ын қамтамасыз етеді, қоры 2,3 млрд тоннадан асады. Алдағы жылдары өндіріс көлемін арттыру және 360 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған.
Кәсіпорында цифрлық шешімдер – өндірісті басқару жүйелері, автоматтандырылған диспетчерлеу, жүргізушілердің сергектігін бақылау және жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов МАЭС-1 жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, МАЭС-2-дегі жаңа энергоблоктарды уақтылы іске қосуды және «Богатырь Көмір» ЖШС-нің инвестициялық жоспарларын толық жүзеге асыруды тапсырды.