Энергетикадағы жаңа дәуір: Қазақстан мен орта державалардың жаһандық рөлі
Астанада Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы өтіп жатыр. Бұл халықаралық деңгейдегі маңызды шара энергетика саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылап, Қазақстанның әлемдік энергетика картасындағы орнын күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға 50-ден астам елден 2500-ден аса делегат қатысып отыр. Іс-шара аясында энергетика саласының жетекші сарапшылары мен компания басшылары әлемдік энергетика нарығының негізгі трендтері мен Қазақстанның энергетикалық стратегиясы туралы пікір алмасты.
Жаңа энергетикалық тәртіп: Орта державалардың жаһандық рөлі
Kazakhstan Energy Week ашылу салтанатында KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов халықаралық сенім мен стратегиялық диалогтың маңызын атап өтті.
Энергия бүгінгі таңда тек ұлттық деңгейдің мәселесі ғана емес, ол халықаралық әріптестік пен ортақ болашақтың негізі. Орта державалар ретінде біз жаһандық энергетикалық тәртіпті қалыптастыруда маңызды рөл атқарудамыз. Қазақстанда дәстүрлі мұнай-газ саласымен қатар, жасыл энергия, жасанды интеллект және озық технологияларды белсенді енгізіп келеміз, – деді Ақшолақов.
Ол сондай-ақ 2028 жылы Астанада Әлемдік мұнай конгресін өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Мұнай-газ саласының трансформациясы: Газдың ұзақ мерзімді маңызы
SOCAR басшысы Ровшан Наджаф табиғи газдың энергетикадағы болашағы туралы пікір білдірді.
Аз энергия көзі ретінде кемінде 2070 жылға дейін өзектілігін жоғалтпайды. Мұнай мен газға деген сұраныс алдағы ондаған жылдар бойы тұрақты болады. Біз осы саладағы жобаларға белсенді инвестиция салудамыз және газ жеткізілімін арттыруға дайынбыз, – деді Наджаф.
Ол Еуропалық әріптестермен ұзақ мерзімді келісімдердің маңыздылығын атап өтті және газ инфрақұрылымын дамытуға қажетті инвестициялар туралы айтты.
Әйелдердің энергетикадағы рөлі: Инклюзивтік және мүмкіндіктер
VII KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубының форумы “Энергияны қозғаған әйелдер: прогресті қалыптастыру” аясында саладағы инклюзивтілікті арттыру мәселесі кеңінен талқыланды.
Техникалық және инженерлік мамандықтарда әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған бағдарламалар енгізіліп жатыр. Бұл – энергетика саласының тұрақты дамуы мен инновациялар енгізудің кепілі, – деп атап өтті KAZENERGY әйелдер клубының жетекшісі Алия Нұртазина.
Сонымен қатар Ресей мен Қазақстандағы атом энергетикасындағы әйелдер қауымдастықтары жоғары технологиялық салаларда әйелдердің мансаптық өсуіне тың серпін беруде.
Атом энергетикасы: Қазақстанның стратегиялық мүмкіндіктері
МАГАТЭ бас директорының орынбасары Лю Хуа Қазақстанның ядролық энергетикадағы жетістіктерін жоғары бағалады және кадрлық әлеуеттің маңыздылығын атап өтті.
Ядролық энергетика – бұл тек технология емес, ең алдымен адам капиталы. Білікті инженерлер мен мамандарсыз бұл салада табысқа жету мүмкін емес. Қазақстан өз тәжірибесін басқа елдермен бөлісуде және кадрлық дайындауды дамытуды жалғастыруда, – деді Лю Хуа.
Қазақстанда атом электр станцияларын салу жобалары іске асуда, бұл энергетикалық қауіпсіздік пен климаттық мақсаттарға қол жеткізудің маңызды факторы болып отыр.
Сонымен қатар ҚР Атом энергетикасы агенттігінің төраға орынбасары Тимур Жантикин еліміздің уран өндірісіндегі халықаралық сенімді серіктес екенін және ядролық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ұзақмерзімді саясатты баса айтты.
Қазақстан ядролық қауіпсіздік пен бейбіт атомды дамыту саласындағы халықаралық нормаларды 30 жылдан астам қолдап келеді. Бұл біздің жауапкершілігіміз бен көшбасшылығымызды көрсетеді, – деді ол.
Қазақстандағы атом электр станциясын салу туралы референдум қоғамның жаңа энергетикалық шешімдерді қолдайтынын айқын дәлелдеді.
Тимур Жантикиннің пікірінше, атом энергетикасы Қазақстанның ұлттық энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Ол Қазақстанның уран өндірудегі көшбасшылық рөлін тұрақты даму мен энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі деп атады.
ОПЕК-тің әлемдік мұнай нарығы бойынша болжамдары
Форумда алғаш рет Қазақстанда ОПЕК-тің “World Oil Outlook 2025” баяндамасы таныстырылды.
Жаһандық экономика менсаясаттағы белгісіздікке қарамастан, 2050 жылға қарай мұнайға сұраныс 23% өседі деп күтілуде. Мұнай энергетикадағы басты энергия көзі болып қала береді, сұраныс 130 млн баррельге дейін жетеді, – деді ОПЕК-тің мұнай нарығының болашағы туралы басты сарапшысы Бехруз Байкалидзе.
ОПЕК болжамында екі сценарий қарастырылған: технологиялық прогресс пен әділ өсу. Бұл сценарийлер саланың болашақ даму бағытын анықтауға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы Қазақстанның энергетикалық стратегиясын жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және саланың жаһандық трансформациясына бейімделу мәселелерін ашық талқылау алаңына айналды.
Қазақстанның дәстүрлі және жаңартылатын энергетика саласындағы жобалары, сондай-ақ адам капиталына жасалып жатқан инвестициялар еліміздің энергия қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Форумда талқыланған стратегиялық бастамалар мен халықаралық тәжірибе Қазақстанның энергетика саласындағы көшбасшылық позициясын одан әрі нығайтады.