Энергетикадағы серпін: Қазақстан 2035 жылға дейін қандай жобаларды іске асырады?

Қазақстан 2035 жылға дейінгі электроэнергетиканы дамыту жоспарын бекітті. Жоспарда 26 ГВт-тан астам жаңа қуат енгізу, ЖЭК-ті дамыту және жаңа базалық станциялар салу көзделген. BAQ.KZ тілшісі қандай жобалар жүзеге асырылды және алдағы жылдары қандай жобалар іске асырылатыны туралы зерттеп көрді.

Энергетикаға инвестициялар

2000 жылдардың басында Қазақстан шамамен 51 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірген болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 117 млрд кВт·сағатқа дейін өсті. Өсімге бірден бірнеше фактор әсер етті: жабдықтарды жаңғырту, қолданыстағы нысандарды кеңейту және жаңа станциялардың іске қосылуы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 237 электр станциясы жұмыс істейді. Оның 158-і жаңартылатын энергия көздеріндегі (ЖЭК) объектілер.

Осы фон аясында елдің энергия жүйесінің орнатылған қуаты 25,4 ГВт-қа жетті. Бұл тарихи максимум. Алайда қуат бойынша рекорд орнату барлық мәселені автоматты түрде шешпейді. Энергетикада ең маңыздысы – жаңа нысандардың құрылысымен қатар жылу көздері мен желілерді жөндеу және жаңарту. Әйтпесе сұраныс өсімі қайтадан апаттылық пен шектеулерге тіреледі.

Осыған байланысты “Тариф инвестицияға айырбастау” бағдарламасы іске қосылды.

Бір ғана жылыту маусымында технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға азайды, ал температуралық режимді сақтамау фактілері 3,3 есе қысқарды.

Елде 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) бар, олардың орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға төмендеді. Тоғыз станция “қызыл” аймақтан “сарыға”, тағы үшеуі “сарыдан” “жасылға” өтті.

2025 жылы энергетика саласының жөндеу кампаниясына шамамен 400 млрд теңге бөлінді.

Соңғы жылдардағы ірі жобалар

Базалық генерация бойынша басты жобалардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту. 2024 жылы қуаты 540 МВт болатын №3 және №4 энергия блоктарын салуға арналған EPC-келісімге қол қойылды. Оларды іске қосу жоспарланған мерзімі – 2028 және 2030 жылдар.

Сол жылы бірнеше ірі жаңғырту жұмыстары жүргізілді:

  • Атырау ЖЭО-да №6 турбоагрегат ауыстырылды (65 МВт),
  • Жезқазған ЖЭО-да №8 қазан агрегаты жаңартылды (43 МВт).

“Жасыл” энергетикада да маңызды нәтижелер бар. 2023 жылы 495,57 МВт болатын 16 ЖЭК нысаны іске қосылды.негізінен жел станциялары, сондай-ақ шағын су электр станциялары мен күн нысандары. Ал 2024 жылы іске қосылған ЖЭК жобаларының жалпы қуаты 163,35 МВт болды.

Соңғы жылдары енгізілген гидроэнергетика нысандарының бірі- Шығыс Қазақстандағы Тұрғысын ГЭС-і. Қуаты 24,9 МВт станция 2021 жылдың тамызында іске қосылды. Бұл жоба өңірдің электрмен жабдықтау тұрақтылығын арттырып, қосымша генерациямен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар электр желілері кешенді түрде жаңғыртылуда: 2,4 мың км-ден астам электр жеткізу желілері мен ондаған қосалқы станциялар салынды. “Солтүстік -Шығыс - Оңтүстік” транзиті және батыс өңір желілерін күшейту секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.

 

2035 жылға дейінгі электроэнергетиканы дамыту жоспары

Жоспар бірнеше негізгі бағытты қамтиды:

Біріншіден, базалық және маневрлік генерация – қолданыстағы станцияларды жаңғырту және жаңа жобаларды іске қосу. Бұл жүйенің қысқы жүктеме шыңдарын сенімді еңсеруіне қажет.

Екіншіден, жаңартылатын энергия көздері – ЖЭК-ті дамыту жалғасады, бірақ энергожүйе олардың өзгермелі өндірісіне дайын болуы керек.

Үшіншіден, магистральдық электр желілері – жаңа мегаваттардың пайдасы болуы үшін энергияны тапшылықты өңірлерге жеткізетін желілер болуы шарт. Бұл бағытта KEGOC-тың рөлі өте маңызды. Ірі жобалардың бірі – 500 кВ “Қарабатан - Ұлке” әуе желісі (ұзақтығы 604,3 км), аяқталу мерзімі 2027 жылдың желтоқсан айы. Қаржыландыру меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, 2035 жылға дейінгі жоспар – жүйені үш өлшемде қайта құру талпынысы: жаңа қуаттар қосу, тозған станцияларды жаңарту және желілерді күшейту, осылайша ел бойынша өсіп келе жатқан сұраныс кезінде электр энергиясы тұтынушыларға тұрақты жетуі қажет.

Энергетика – елдің негізгі салаларының бірі. Оның тұрақты жұмысына өнеркәсіп, экономика, қалалар мен әр үй тікелей тәуелді.

Қазақстанның энергетикалық секторында 50 мыңнан астам маман еңбек етеді, сондықтан саланы дамыту еңбек нарығы үшін де маңызды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы