Энергетика, салық және кадр тапшылығы: Павлодарда Respublica кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті
Кездесу барысында өндіріс саласының өзекті түйткілдері мен энергетикалық қауіпсіздікке қатысты ұсыныстар сөз болды.
Павлодар облысында Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ ұжымымен кездесіп, энергетика саласы мен өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуде салық саясаты, моноқалалардың дамуы, уақыт белдеуі, еңбекке ақы төлеу, кадр тапшылығы және өндірістегі еңбек жағдайлары сөз болды.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков Respublica құрамында кәсіпкерлермен қатар өнеркәсіп, медицина, білім беру және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері бар екенін айтты.
Бір кездері бизнесте қазіргі табысымнан бірнеше есе көп табыс таптым. Бірақ көптеген мәселені сырттан бақылап емес, шешім қабылдайтын жерде жүріп өзгертуге болатынын түсіндім. Сондықтан саясатқа келдім. Біз балаларымыз өмір сүретін күшті Қазақстанды бірге құруымыз керек, – деді Олжас Құспеков.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Айтқұлов партия өндіріс пен бизнестегі түйткілдерді тәжірибе жүзінде білетін азаматтардан құралғанын атап өтті.
Ал кандидат Дәурен Мүнкебаев жүйелі реформалар уақыт пен табандылықты қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, құрылыс материалдары өндірісіндегі бір мәселені шешу үшін шамамен бір жарым жыл жұмыс жүргізілген.
Партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Махамбет Амангелдінің айтуынша, филиал құрылғаннан бері өңір тұрғындары көтерген ондаған мәселе мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілген. Соның бірі – Екібастұздағы төрт мектеп мұғаліміне үш жыл бұрын төленбей қалған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қалпына келтіру.
Кездесу соңында партия өкілдері энергетиктердің сұрақтарына жауап беріп, өндіріс қызметкерлері көтерген ұсыныстар алдағы заңнамалық жұмыста ескерілетінін айтты.