Энергетика, өнеркәсіп және жастар болашағы: Депутаттар Павлодар облысының еңбек ұжымдарымен жүздесті
Павлодар облысының тұрғындарына Қазақстан Президенті Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді
5 қарашада Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары мен орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің өңірдегі түрлі әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтуде.
Іс-шараларға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Илья Терченко, Жарқынбек Амантай, Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрайымы Вера Ким, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Кузенбаев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ильяс Бакытжан қатысуда.
Кездесулер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған.
Жұмыс бағдарламасы аясында Торайғыров университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттерімен, сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен алғашқы кездесулер өтті.
Кездесулер барысында Құрылтай депутаттары мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттерді, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын, алдағы өзгерістерді және қойылған мақсаттарды іске асырудағы азаматтардың рөлін түсіндірді.
Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, білім беру, білікті кадрлар даярлау, еңбек өнімділігін арттыру, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетика саласын дамыту, халықты әлеуметтік қорғау және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Президент Жолдауын жүзеге асырудағы әрбір азаматтың өз рөлін түсінуі маңызды. Құрылыс саласын дамыту – бұл тек жаңа нысандар салу ғана емес, сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының құрылуы және бизнеске жаңа мүмкіндіктердің берілуі. Әсіресе техникалық білім алып жатқан жастар үшін үлкен перспективалар ашылады, – деді Илья Терченко.
Студенттерге алдағы жылдары білікті мамандарға деген сұраныс арта түсетіні, ал кәсіби дағдылар мен құзыреттер табысты жұмысқа орналасудың маңызды шарттарына айналатыны айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік міндеттерді жүзеге асырудағы жоғары оқу орындарының рөлі талқыланды.
Қатысушылар Мемлекет басшысы қойған мақсаттарға қол жеткізу мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті.
Университет студенттері мен оқытушылары мемлекеттік органдар өкілдері мен Құрылтай депутаттарына өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Талқылау барысында жас мамандарды жұмыспен қамту перспективалары, техникалық мамандықтарға сұраныс, құрылыс және энергетика салаларын дамыту, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы алдағы өзгерістер мәселелері көтерілді.
Торайғыров университетінің төртінші курс студенті Саят Ергешбаев Жолдауда жастар үшін маңызды мәселелер, соның ішінде білім беру сапасы, кәсіби даму және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары қамтылғанын атап өтті.
«Біз, студенттер үшін, еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғанын және жас ұрпаққа қандай мүмкіндіктер ашылатынын түсіну маңызды. Жолдауда біздің болашағымызға, білім алуымызға және кәсіби қалыптасуымызға тікелей қатысты бағыттар белгіленген», – деді Саят Ергешбаев.
Өз пікірін «Қазақстан алюминийі» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджері, еңбек ұжымының өкілі Нұрсұлтан Есембаев та білдірді. Ол өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мәселелерінің маңыздылығына назар аударды.
– Президент: «Күшті қалалар мен аудандар қуатты өңірді қалыптастырады. Ал қуатты өңір күшті мемлекетті қалыптастырады», – деп атап өтті. Менің түсінігімде, бұл ең алдымен инфрақұрылымды дамыту деген сөз. Ал Құрылыс жылының жариялануы инфрақұрылымды дамытумен қатар, еліміздің барлық азаматтарының жалпы әл-ауқатын арттыруға да ықпал етуі тиіс, – деп атап өтті Нұрсұлтан Есембаев.
Өндірісті алдағы уақытта жаңғырту мәселесіне «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның баптау және сынау жөніндегі инженері Айгерім Темірбаева да назар аударды.
– Мен зауытта төрт жылдан бері жұмыс істеймін. Еліміз үшін маңызды қарапайым жұмысшылардың күн сайынғы еңбегін көріп жүрмін. Мемлекет басшысының Жолдауында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аудардым. Менің ойымша, бұл – еліміздің болашағы үшін аса маңызды бағыттар, – деді Айгерім.
Павлодар қаласындағы Жастардың даму орталығында делегация мүшелері еңбек етіп жүрген жастармен және еріктілер қозғалысының қатысушыларымен кездесті.
Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрайымы Вера Ким еріктілер қызметінің маңыздылығын атап өтті. Ол еліміздің Негізгі заңында әлеуметтік сақтандыру мен қайырымдылықпен қатар, волонтерлік қызметті қолдау да көзделгенін еске салды.
– Біз жастардың қоғамдық бастамаларын қолдауға дайынбыз. Ең бастысы, ұсыныстар жекелеген адамның мәселесін шешуге емес, белгілі бір әлеуметтік топтың, өңірдің немесе жалпы елдің жүйелі мәселелерін еңсеруге бағытталуы керек, – деп атап өтті Вера Ким павлодарлықтарға арнаған сөзінде.
Ақсу қаласында делегация мүшелері әлеуметтік қолдау шаралары мен ең төменгі жалақыны арттыру мәселелерін түсіндірді. Бұл шаралар қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Құрылыс жылы аясында ауруханалар мен денсаулық сақтау, білім беру мекемелерін салу және жаңарту жоспарлары туралы айтылды.
Кездесулерде энергетика саласын дамыту мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, көмір генерациясының қолданыстағы қуаттарын кеңейту және жаңғырту, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа нысандар салу жоспарлары сөз болды.
– Энергетика министрлігі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және экономиканың барлық секторларында экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы берген барлық тапсырманың жүйелі әрі толыққанды орындалуын қамтамасыз етеді, – деп сендірді Энергетика вице-министрі Ильяс Бақытжан.
«Восточный» разрезінің еңбек ұжымымен кездесуде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жарқынбек Амантай қалдықсыз көмір генерациясын дамыту, энергия өндіру көлемін ұлғайту және геология саласын өркендету мәселелеріне де тоқталды.
– Біздің алдымызда инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу міндеті тұр. Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Олардың жұмысы үшін орасан зор көлемде электр энергиясы қажет. Осыған байланысты көмір энергетикасының маңызы ерекше. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз еліміз үшін аса маңызды. Сіздер бұл бағытта қазірдің өзінде аянбай еңбек етіп келесіздер. Ал жұмысшы мамандықтарын қолдау және олардың мәртебесін арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі, – деді Жарқынбек Амантай кеншілермен кездесу барысында.
«Восточный» разрезінде шамамен 2300 адам еңбек етеді. Мұнда жастардың үлесі де артып келеді. Кәсіпорын қызметкерлері үшін Жолдауда айтылған өндірістегі тұрақтылық пен еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері ерекше өзекті.
– Әлемдегі тұрақсыздық пен түрлі экономикалық қиындықтарға қарамастан, елімізде өндіріс қарқынды дамып келеді. Біз үшін еңбек адамына қолайлы жағдай жасау, өндірісті жаңғырту және жас мамандарды қолдау бағыттары ерекше маңызды, – деді кәсіпорынның көлік-технологиялық колоннасының бастығы Александр Ларенц.
Павлодар облысында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өңірдің түрлі әлеуметтік және кәсіби топтарын қамтыды. Кездесулер барысында тұрғындар Президент Жолдауының негізгі бағыттарымен танысып қана қоймай, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттарына өздерінің кәсіби қызметі мен күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.