Энергетика министрлігі Қазақстанда АЭС салуға қатысты: Негізсіз алаңдауға себеп жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Энергетика министрлігі еліміздің аумағында атом электр станциясын салу бойынша Ресей Федерациясы басшылығының ұсынысына байланысты хабарлама жасады.

«Жүргізілген бағалауға сәйкес еліміздің электр қуатының болжамды балансында 2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы күтілуде. Осыған орай, еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігі қарастырылып отыр», - деп хабарлады министрлікте. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, салынуы мүмкін АЭС-тің экономикалық және техникалық параметрлерін нақтылау және реакторлық технологияны таңдау үшін Техникалық-экономикалық негіздеменің Маркетингтік бөлімі әзірленді. Онда нарықта бар III+ реакторлық технологияларды талдау, сондай-ақ 5 елдің реакторлық технологияларды жеткізушілерімен, соның ішінде Росатом мемлекеттік компаниясымен ақпарат алмасу жүргізіледі.

«Бұдан басқа, әлеуетті инвесторлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде маневрлі газ генерациясын, сондай-ақ Ертіс өзенінде Шүлбі ГЭС және Іле өзенінде Қапшағай ГЭС контррегуляторларын салу мәселесін қарастыруда. Шымкент Жылу электр орталығы алаңында қуаты шамамен 450 МВт болатын жаңа бу-газ электр станциясын салу жөнінде ұсыныс берілді», - делінген хабарламада. 

Тек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр энергиясын өндіруге Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және қолайлы технологиялар айқындалатын болады. Егер қуат тапшылығын жою мақсатында АЭС-ті таңдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес АЭС-ті салу туралы шешімді ҚР Үкіметі қоғамдық тыңдаулар жүргізіп, АЭС салынатын аумақтардың жергілікті өкілді органдардың келісімі бойынша қабылдайтын болады. Бұл ретте еліміздің шаруашылық міндеттерін шешу мұқтаждығы, қажетті жағдайлардың болуы және қауіпсіздік қатерінің болмауы ескеріледі.

«Осылайша, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін хабарлаймыз», - деп ескертті ҚР Энергетика министрлігінде.

ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанда Атом электр стансасын салу туралы ұсынысына түсініктеме берді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы