Энергетика министрлігі Қара теңіздегі танкерлерге қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі танкерге қатысты тіркелген оқиғалар жөніндегі ақпаратты ресми түрде растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрліктің мәлімдеуінше, Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы арқылы жалға алынған.
Аталған кеме ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшыраған. Жарылыс тіркелгенімен, өрт болған жоқ. Экипаж мүшелері зардап шекпеді. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкердің жүзу қабілеті сақталған, корпуста аса қауіпті зақымданулар анықталған жоқ, - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкері жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшырағаны расталды.
Оқиға салдарынан өрт шыққан, алайда ол жедел түрде сөндірілді. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Оперативтік штабтың мәліметінше, шабуыл кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының экспорттық мұнай ресурстарына зиян келтірілген жоқ, - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жүзеге асырылуын сақтау мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен өзара іс-қимылды жедел түрде үйлестіруде.