Кеше 2026, 22:24 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Энергетика министрлігі: Маңғыстау мен Атырауда автогаз тапшылығы жоқ

Энергетика министрлігі Батыс Қазақстан өңірлерін сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Қазақстанның Энергетика министрлігі Маңғыстау және Атырау облыстарындағы автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектердің пайда болуына қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, өңірлерде сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ, ал жеткізілетін көлем тұрғындардың сұранысынан да жоғары.

Министрліктің хабарлауынша, маусым айында Маңғыстау облысына сұраныс 18 мың тоннаны құрағанымен, өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Бұған қоса, тұтынудың артуына байланысты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қорынан қосымша 1,5 мың тонна газ жеткізілген. Ведомство бұл көлем жергілікті тұрғындармен қатар өңір арқылы транзитпен өтетін көліктерді де толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті. Жанармайды жеткізу күнделікті кесте бойынша жалғасып жатыр.

Атырау облысындағы жағдайға да министрлік жеке тоқталды. Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына қарамастан, өңір алдын ала қосымша отын қорымен қамтамасыз етілген. Есептік қажеттілік 9 мың тонна болса, облысқа 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған газ бөлінген. Министрліктің мәліметінше, 2,5 мың тоннадан астам резервтік қор зауыттағы жөндеу кезеңінде автокөлік иелерінің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ведомство ақпараттық кеңістікте тараған Қарашығанақ кен орнындағы өндірістің төмендеуі сұйытылған газ жеткізіліміне әсер етті деген ақпаратты жоққа шығарды. Министрлік жоспарлы жұмыстардың ішкі нарықты қамтамасыз етуге ешқандай ықпал етпейтінін, ал жанар-жағармай жеткізу штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Энергетика министрлігі Батыс Қазақстан өңірлерін сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Жеткізілім көлемі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп күн сайын қадағаланып, қажет болған жағдайда тұтыну көлеміне қарай жедел түзетілетін болады.