Энергетика министрлігі КҚК-ға қатысты: Мұнай экспорты тұрақты жүріп жатыр
Экспорттың негізгі көлемі Каспий құбыр консорциумының терминалы арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан мұнайының Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорты нысандарға жасалған шабуылдарға қарамастан тұрақты режимде жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әріптестерімнің ақпаратына сәйкес, мұнай бағыттарындағы жағдай тұрақты. КҚК арқылы экспорт штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Қосымша түрде бәрін қайта тексеріп, нақты ақпарат ұсынамыз, – деді вице-министр.
Мәселе қайдан шықты?
Еске салайық, Новороссийск қаласында ірі көлемде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы болды. Жергілікті билік мәліметінше, жараланғандардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілген. БАҚ деректеріне сәйкес, шабуылдың ықтимал нысандарының бірі – Новороссийск портында орналасқан «Шесхарис» мұнай құю терминалы болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл порт арқылы Қазақстан мұнайының бір бөлігі тасымалданады. Алайда экспорттың негізгі көлемі Каспий құбыр консорциумының терминалы арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстанның Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 5 сәуірде Новороссийск портында болған оқиғаға байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, бұл оқиға Қазақстан мұнайының экспорт көлеміне әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды қабылдау және тасымалдау штаттық жұмыс режимінде жүзеге асырылып жатыр, – деді министр кеңесшісі.
Хабарламада экспорттық жоспарлардың кестеге сай орындалып жатқаны атап өтілді.