Энергетика министрлігі АЭС-ке қатысты мәлімдеме жасады
Энергетика министрлігі Қазақстан атом электр станциясына қатысушы вендорлерді ұлттық мүддені ескере отырып таңдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан атом электр станцияларын салу технологияларын әлеуетті жеткізушілермен бәсекелестік диалогын аяқтады.
"Росатом" мемлекеттік корпорациясы KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компанияларымен қатар Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енді, - деп хабарлады ведомство.
2025 жылғы 21 қаңтарда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар тендерге қатысушылардың ұсыныстарын бағалауға бағытталған келіссөздер сериясының соңғы кезеңі болды.
Бұған дейін, 2024 жылдың қазанынан желтоқсанына дейін Корея Республикасына, Франция Республикасына және Қытай Халық Республикасына осындай сапарлар болған.
Жобаны жүзеге асыру үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Ол 2025 жылы Қазақстан ұлттық мүдделерін, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді ескере отырып қабылданады, - делінген министрлік мәлімдемесінде.
Бұған дейін министр Сәтқалиев журналистердің сұрақтарына жауап бергенде тағы бір АЭС не үшін керегін айтқан еді.
Еске сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр жақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоятынын айтты.
Сондай-ақ екінші және үшінші атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын екенін атады.
Сондай-ақ отырыста Мемлекет басшысы Үкіметке АЭС құрылысын тездету керегін тапсырды.