Энергетика министрі: Солтүстік пен шығыс өңірлерді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Оның айтуынша, солтүстік өңірлер мен шығыс аймақты газдандыру бойынша министрлік газдандырудың 2 нұсқасын қарастырып жатыр.
Ресей Федерациясынан газдандыру нұсқасы қазақстандық-ресейлік жұмыс тобының шеңберінде қарастырылып отыр. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, газдандырудың нұсқаларын қарау үшін тұтынудың шамадағы көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдады. Сондай-ақ газ құбырларының оңтайлы маршруттары анықталды, бұл: ұзындығы шамамен 1 000 км «Барнауыл – Рубцов – Семей – Өскемен Павлодар қаласында тармақталуы». Оған қоса, ұзындығы шамамен 644 км «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан» бағдары, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр бүгінгі таңда ресейлік тарап есептеулер жүргізіп жатқанын алға тартты.
Оны биыл екінші тоқсанда алуды күтіп отырмыз. Сондай-ақ біз ШҚО мен солтүстік өңірлерді Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқасын зерттеудеміз. Бұл ретте, ол үшін компримирлеу мен қайта газдандырудың тиісті инфрақұрылымын салу және құрылысқа тиісті инвестициялар салу талап етілетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ газды «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан беру – газдандырудың баламалы нұсқасы, - деді Болат Ақшолақов.