Энергетика министрі мұнай-газ кешені қызметкерлерін құттықтады
Бүгін Қазақстанда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке қарсаңында ҚР Энергетика министрі сала мамандары мен ардагерлерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өз құттықтауында министр мұнайшылар мен газ саласы мамандарының еңбегі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына және өңірлердің тұрақтылығына ықпал етіп отырғанын атап өтті. Ол қазақ мұнайының тарихы қарапайым жағдайдан бастау алғанын еске салып: бір кездері «қара алтынды» түйеге артып тасымалдаған болса, бүгінде сала заманауи технологияларды қолданып, ауқымды жобаларды жүзеге асырып отырғанын айтты.
Министрдің айтуынша, қазір мұнай-газ саласында миллионнан астам адам еңбек етуде. Олардың қатарында геологтар, инженерлер, бұрғышылар, көлік қызметкерлері мен қайта өңдеушілер бар. Бұл мұнай-газ кешенін ел экономикасының негізгі тірегіне айналдырып қана қоймай, Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің біріне айналдырды.
Сондай-ақ ол елдің ірі кен орындары – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған – бүгінгі таңда Қазақстан энергетикасының нышанына айналғанына тоқталды. Жақын уақытта еліміз жылына алғаш рет 100 миллион тоннадан астам мұнай өндіретін болады. Бұл Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы орнын нығайта түседі.
Бір кездері қазақстандық мұнайдың тарихы ең қарапайым жағдайлардан басталды — қара алтын түйелердің көмегімен өндірілді. Бұл алғашқы мұнайшылардың жанкешті әрі ауыр, еңбегі болатын. Бүгінде біз олардың ісін заманауи технологиялар және үлкен мақсаттармен жалғастырып келеміз, – деді министр.
Сонымен бірге ол мұнай-газ химиясының дамуына, жаңа зауыттар мен газ құбырларының салынуына ерекше назар аударды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құттықтау сөзінің соңында Энергетика министрі сала қызметкерлеріне кәсіби шеберліктері мен жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдіріп, денсаулық, береке-бірлік және жаңа табыстар тіледі.