Энергетика министрі газ тапшылығын болдырмаудың амалын атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Газ саласын дамыту перспективалары» тақырыбындағы Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов газ жобаларына арналған ынталандыру шаралары арқылы еліміздің ресурстық базасын толықтыру туралы мәселе өткір болып тұрғанын айтты.
Газ жобаларына арналған ынталандыру шаралары арқылы еліміздің ресурстық базасын толықтыру туралы мәселе өткір болып тұр. Қазіргі уақытта ресурстық базаны кеңейту үшін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының 1-кезеңін үш кезекпен (1, 2 және 6 млрд текше метр) салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ол 2030 жылға қарай тауарлық газдың өсімін 6,2 млрд текше метрден асыруға мүмкіндік береді, - деді министр.
Оның айтуына қарағанда, 2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд текше метр жобаның бірінші кезеңі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бірінші кезеңді 2024 жылдың басында іске қосу күтіліп отыр.
ГӨЗ-дерді салу Қашаған жобасының 2-фазасында пысықталып отыр, ол мұнай өндірісін тәулігіне 400 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, министрлік фискалдық преференциялар беру арқылы ресурстық базаны жаңа газ жобалары үшін кеңейтуді ынталандыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр, - дейді Ақшолақов.
Министр газ жобаларына салықтың босату түріндегі фискалдық жеңілдіктер келісілгенін хабарлады.Атап айтқанда, өндіру басталған күннен бастап 10 жылға КТС-тен бас тарту, өндіру басталған күннен бастап 10 жылға ЭКБ-дан бас тарту және жер қойнауын пайдалануға баламалы салыққа ауысу құқығын беру.
Бұл шаралар 2030 жылға қарай тауарлық газдың ресурстық базасын 6,7 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.