Энергетик сусындар инсульт қаупін арттыруы мүмкін
Энергетик сусындарды шамадан тыс тұтыну қан қысымының көтерілуіне және ми қан айналымының бұзылуына әсер етуі мүмкін. Әсіресе қан тамырларында ақауы бар адамдар үшін бұл қауіпті. Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың инсульт бөлімшесінің дәрігер-неврологы Ақжол Әріпхан энергетиктердің ағзаға әсері туралы айтып, ұйқы режимін сақтаудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Энергетиктер инсультке әкелуі мүмкін бе?
Дәрігердің айтуынша, газдалған тәтті сусындар мен энергетиктерді шамадан тыс ішу қан қысымының жоғарылауына, сондай-ақ ми қан айналымы жүйесінде бұзылыстардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Бұл ретте адамның жасы мен денсаулық жағдайы да маңызды рөл атқарады.
Маман энергетикалық сусындардың құрамындағы белсенді заттар ағзаға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан оларды тұтынуды шектеп, әсіресе көп мөлшерде және жиі ішуден бас тартқан жөн.
Энергетикалық сусындардың құрамында ағзаға әсер ететін әртүрлі заттар бар. Олар денсаулыққа кері ықпал етіп, белгілі бір өзгерістерге әкелуі мүмкін. Сол себепті мұндай сусындарды ішуді тоқтату немесе кем дегенде тұтынуды шектеу қажет. Оларды шамадан тыс пайдалану ағзаға едәуір зиян келтіреді, – деді дәрігер өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Энергетик инсульттің екі түріне де әсер етуі мүмкін
Маманның сөзінше, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну әсіресе қан тамырларында туа біткен немесе жүре пайда болған ақаулары бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Маманның түсіндіруінше, қан тамырларында аномалиясы бар адамдарда мұндай факторлар геморрагиялық инсульттің, яғни миға қан құйылудың даму қаупіне әсер етуі мүмкін. Ал қан қысымының көтерілуі ишемиялық инсульттің пайда болуына да ықпал етуі ықтимал.
Ишемиялық инсульт қан тамыры бітеліп, мидың белгілі бір бөлігіне қан бармай қалған кезде дамиды. Ал геморрагиялық инсульт қан тамыры жарылып, миға қан құйылғанда пайда болады.
Дәрігердің айтуынша, инсультке шалдыққан науқастармен және олардың туыстарымен әңгімелесу кезінде зиянды әдеттердің әсері де түсіндіріледі. Бұл ретте энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеу мәселесіне ерекше назар аударылады.
Ұйқының қанбауы да қауіпті
Дәрігер энергетиктерді тұтынумен қатар, ұйқы режимінің бұзылуы да денсаулыққа кері әсер ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, түнгі ұйқы кезінде ағзада қалпына келу үдерістеріне қатысатын гормондар бөлініп, организмнің қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Сондықтан түнгі уақытта жеткілікті ұйықтау өте маңызды.
Ағза түнде демалып, қалпына келуі керек. Алайда қазіргі өмір салтына байланысты жұмыс уақытын ұзарту немесе сергек жүру үшін көптеген жас энергетикалық сусындарды ішеді. Бұл – дұрыс әдет емес, – деді маман.
Дәрігердің сөзінше, ұйқының қанбауы мен энергетиктерді шамадан тыс тұтыну ағзаға түсетін салмақты арттыруы мүмкін. Сондықтан жұмысқа қабілеттілікті сақтау үшін ұйқыны энергетикалық сусындармен алмастырмай, күн тәртібін реттеген жөн.
Маман энергетиктерді жиі тұтынатын адамдарға өз денсаулығына мұқият болуға, қан қысымын бақылауға және қан тамырларына қатысты мәселелер болса, дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда күніне төрт банкаға дейін энергетик ішкен жігіт ауруханаға түсті