Энергетик мамандар жетіспейді: Үкімет басшысы үш министрлікке тапсырма жүктеді
Бектенов кадр тапшылығын шешуді тапсырды.
Қазақстанда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы маман тапшылығын шешу үшін нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі керек. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктеріне осындай тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Мемлекет басшысының энергетика саласына білікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, саладағы кәсіби мамандар сабақтастығын қамтамасыз ету, практикалық құзыреттерді дамыту және тұрақты кадрлық резерв қалыптастыру қажет. Әсіресе атом энергетикасының дамуын ескере отырып, осы бағыттағы мамандарды даярлауға басымдық берілуі керек.
Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Энергетика министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, энергетика және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маман тапшылығын шешуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы кадр даярлау ісінде практикалық дағдыларды дамытуға және кәсіби мамандардың сабақтастығын қамтамасыз етуге назар аудару қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, энергетика саласының тұрақты дамуы үшін білікті мамандардың жеткілікті қоры қалыптасуы керек.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарынан жылудың сапасына қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтып, өңір әкімдеріне жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтуді және халықтың өтініштеріне жедел әрекет етуді тапсырды.