Ендігі міндет қазақ тілін жасанды интеллект тілінде сөйлету - Аймағамбетов
Қазақ тілі – сұраныс аясы кең, қоғам тіліне айналып келеді. Мемлекеттік тіл тек смартфон қосымшаларында емес, одан бөлек трендтке айналған жасанды интеллектіге де тез бейімделуге тиіс. Бұл жайында депутат Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Бүгінгі отырыста Мемлекет басшысы қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деді. Сіздің ойыңызша бұл кезеңге қашан жетеміз? Қоғам болып не істеу керек?
- Біз өзіміздің әріптестеріміз бен көршілеріміздің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын көріп жүрміз. Әсіресе, соңғы екі жылда ауқымды өзгеріс байқалады. Бүгінгі таңда қажеттілік бар, оны бәріміз сезіндік. Мемлекеттік тілдің аясының кеңеюі бекерден бекер емес, бұл – үрдіс. Бұл қазақстандықтардың санасы мен түсінігіне әсер ете бастады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді білмеген адам қажеттілік бар екенін сезінеді. Әрине, мұның бәрі елдегі саясаттың өзгеруіне, жаһандық өзгерістерге де байланысты. Сол себепті бұл сұрақты саясиландырмау қажет деп ойлаймын.
Мәселен, жеке компаниялардың мобильдік қосымшасы туралы айтар болсақ, олардан да бұл трендті байқауға болады. Бұдан екі жыл бұрын екі тілде таралған болса, ал қазіргі таңда қосымшаға бірден қазақ тілі қосылып жатыр. Себебі, қазақтілді қоғамда ақпартты тұтыну деңгейі артып келеді. Мұндай қоғамдағы сұранысты саясаткерлер, мұғалімдер және дәрігерлер жақсы түсініп отыр.
Қазіргі таңда қосымша ғана емес, жасанды интеллект, яғни Алиса, Siri секілді жүйелердің мемлекеттік тілде түсінгені өзекті. Бұл басты – міндет.
- Балабақшадағы балалардың тілі орысша болып бара жатыр деп айтатындар көп. Оған көзқарасыңыз?
- Мемлекеттік тілге қатысты позитив көзқарасы болуы керек және тиісті жағдай жасауымыз қажет. Мәселен, біз алдыңғы жылы балабақшалардың бағдарламасына өзгеріс енгіздік. Бұрын балабақшада ағылшын тілі мен орыс тілі пән ретінде оқытылатын, бірақ оның тиімділігі аз еді. Ал қазір бүкіл балабақшаларда пән ретінде тек қазақ тілі оқытылады. Мұнымен қоса біз өзге тілде сөйлейтін балаларға 600-ге жуық міндетті түрде оқитын сөздік қорын әзірледік. Нәтижесінде тілі қазақша шықпаған бала болса да, «кел», «тамағыңды іш», «бар» деген секілді сөздерді қазақша айтуға бейімделді.
- Соңғы кезде мемлекеттік тілді меңгермегені үшін сынға қалған министрлер мен депутаттарға қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Бүгінде олар мемлекеттік тілдің сұраныс деңгейін біледі. Сол себепті байланыс жасап жүргендер және үйреніп те жатқандар бар. Мен ауданда білім басқармасының басшысы болған әріптестеріміздің көбі менен қазақ тілін жақсы үйрететін тіл маманын сұрайтын. Министр болып, әртүрлі деңгейде араласқан адамдар да сапалы үйрететін тіл маманына кеңес беріңізші дейтін. Бұдан біз азаматтардың саналы түрде үйренуге тырысып жатқанын байқаймыз.
- Орыс мектептерінде қазақ тілінің оқыту әдістемесі ауыр екені туралы көп айтылады. Бұл мәселе Үкіметте қаралды ма?
- Бұл мәселені министрлік бірнеше жыл бұрын қолға алды. Меніңше, жақында бағдарлама толықтай қолданысқа енгізіледі деп ойлаймын. Жалпы, оқушыларға тек құр грамматиканы оқыту тимсіз, өйткені тіл байланыс құралы. Сол себепті тілді үйрету үшін сөйлесу керек, қандай да бір жағдай туындату керек, сонымен бірге ол қызықты болуы қажет. Жаңа жобада мұның бәрі қарастырылған. Бұл тарапта мектеп мұғалімдері де дайын болуы қажет.
- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!