Енді жастар шетелге шықпай-ақ шетелдік университетте білім ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. 

Елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алады. Бүгінгі таңда олардың 40%-дан астамы ақылы негізде оқып жатқаны баяндалды. 

2025 жылға қарай кезең кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды, - деп айтты Тоғжанов Сенатта.

Үкімет мүшесі жоғары оқу сапасы да жиі көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі екенін назар аударды.

Бұл салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматыда британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылса, жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау іске қосылады, - дейді вице-премьер. 

Сөзінше, бұл жастарға шет елге шықпастан, әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек жастарымыздың тегін негізде жоғары білім алуына мүмкіндіктер кеңейтіліп отыр. 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50%-ға ұлғайту көзделген. Оның ішінде мектеп бітірушілердің орташа көрсеткіші жалпы республикалық деңгейден төмен өңірлердің жастарына, өзге өңірлердегі университеттерде білім алуы үшін, биыл алғаш рет мақсатты 10 мың грант бөлінеді, - деп толықтырды ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы