17 Шілде 2026, 14:23 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Енді зейнеткерлер несие алу үшін банкке өзі баруға тиіс. Неге? 

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 65 жастан асқан азаматтарға несие рәсімдеу кезінде банктер қандай талаптарды орындауға міндетті екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, алаяқтар көбіне егде жастағы азаматтарды телефон арқылы басқаруға тырысады. Олардың нұсқауымен жәбірленуші банк бөлімшесіне бармай-ақ, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, онлайн несие рәсімдейді де, қаражатты алаяқтарға аударып жібереді.

Алаяқтықтың негізгі тәсілдерінің бірі – адамды телефон арқылы үнемі бағыттап отыру. Ол банкке бармай, менеджермен тікелей сөйлеспей, барлық әрекетті онлайн орындайды. Телефонның ар жағындағы адамдардың айтқан батырмаларын басып, ақырында несие рәсімдеп, ақшаны соларға жіберіп қояды, – деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ұлттық банк басшысы егде жастағы азаматтарға несие беру кезінде олардың банк бөлімшесіне жеке келуін талап ететін шектеулер қарастырылғанын атап өтті.

Егде жастағы, соның ішінде зейнет жасындағы азамат несие алу үшін банк бөлімшесіне өзі келуге тиіс. Бұл жерде банк менеджерінің жауапкершілігі туындайды. Ол клиенттің біреудің ықпалында тұрғанын байқаса, несиені не үшін алып жатқанын сұрауы керек. Егер адам «маған телефон соғып, несие алуды айтты» десе, банк қызметкері несие беруден бас тартуға міндетті, – деді ол.

Алайда Тимур Сүлейменов банктердің бұл талапты қаншалықты толық орындап отырғанын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексеретінін жеткізді.

Банктер бұл тетікті толық пайдаланып, міндетін орындап отыр ма – оны агенттік бақылайды. Өйткені банктік қадағалауды жүзеге асырып, тексеру жүргізетін де сол орган. Бұл мәселені әріптестермен бірге егжей-тегжейлі талқылау қажет, – деді Ұлттық банк төрағасы.